Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада қазақстандықтар Никол Пашинянды Арменияның дамуына жаңа леп әкелген, мемлекеттік құрылымның барлық салада қайта жаңғыруына тың серпін берген жалпыұлттық көшбасшы деп білетінін жеткізді.
– Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында Армения орнықты даму жолына түсіп, халықаралық аренадағы позициясын нығайтты. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясатта парасатты, жауапты ұстанымымен үлгі көрсетіп отыр. Сіз өте күрделі геосаяси ахуалда қалыптан тыс әрі батыл шешім қабылдадыңыз. Түптің түбінде бұл армян халқына пайдасын тигізетін өте құнды шешім болды. Достас, бауырлас Армения бейбітшілік, орнықты даму жолын таңдағаны анық. Бұл істе Сіздің тарихи еңбегіңіз зор. Вашингтонда қабылданған Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімді ілгерілетуде елеулі рөл атқарғаныңызды атап өткім келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақ-армян мемлекетаралық байланысы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін мәлімдеді.
– Бұл іске Сіздің елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысуыңыз айтарлықтай ықпал етті. Қазақ-армян қарым-қатынасын дамытудағы үлкен үлесіңіз бен айрықша еңбегіңізді ескере отырып, бүгін Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың, өзара берік сенімнің және халықтарымыздың келешегі жолындағы ортақ ұмтылыстарымыздың жарқын символы, – деді Президент.













Comments