Жаңалықтар

ЖЕР, КӨЛІК ЖӘНЕ МҮЛІК САЛЫҒЫ – ӘДІЛДІК ПЕН ТИІМДІЛІКТІҢ КЕПІЛІ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз конференциясында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ешанқұлов Сапарбек Еркінбекұлы 2026 жылдан бастап салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы айтып өтті.

Жаңа Салық кодексі мүлік, жер және көлік салығын есептеу тәртібін айтарлықтай жеңілдетті.

Көлік салығында 10 жылдан астам жүрген автокөліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 0,5 коэффициенті белгіленді. Бұл ескі көлік иелері үшін үлкен жеңілдік.

Шаруа және фермер қожалықтары бір пикап көлігі бойынша салық төлеуден босатылады.

Жер салығында ағымдағы есептілікті тапсыру талабы жойылып, тек жыл қорытындысы бойынша декларация тапсырылады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер елді мекен шекарасына кірсе де, сол бағыттағы жеңілдетілген ставка сақталады.

Бірақ жерді мақсатсыз пайдаланған немесе заңнаманы бұзған тұлғаларға базалық ставка 40 есеге дейін ұлғайтылады.

Мүлік салығында шағын бизнеске де жеңілдіктер қарастырылған. Егер салық сомасы 300 АЕК-тен аспаса, кәсіпкер тек жылдық есеп береді. Ал салық базасы ретінде енді мүліктің орташа жылдық баланстық құны алынады.

Бұл жаңашылдықтар салық есептеуді ашық әрі әділ етіп, кәсіпкерлер мен азаматтарға артық жүктемені азайтады.

Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – салық әкімшілендіруін оңайлатып, салық төлеуші мен мемлекет арасындағы өзара сенімді күшейту.

ҚҚС бойынша тіркеу шегі 10 000 АЕК болып белгіленді, ал тіркеу үш форматта жүзеге асырылады: ерікті, міндетті және шартты.

Мемлекеттік мекемелер мен арнайы режим қолданушылар тіркеуден босатылады.

Салық есептілігі айтарлықтай қысқарды: бұрынғы 39 нысанның 12-сі алынып тасталып, электрондық форматқа көшірілді. Кәсіпкерлер қызмет түрін өзгертсе, жүйе нысандарды автоматты түрде жаңартады.

Берешек сомасына қарай өндіріп алу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады:

20 АЕК-ке дейін – ескерту,

20–45 АЕК – шотты бұғаттау,

45 АЕК-тен жоғары – мүлік есебінен өндіріп алу.

Үш айдан астам қарыз өтелмесе, сот арқылы елден шығуға шектеу қойылуы мүмкін.

Салықтық тексерулердің мерзімі де қысқарды: кешенді тексеру – 30 жұмыс күніне дейін, ал шағын бизнес үшін жалпы шегі – 180 күн.

Құжаттарды электронды түрде ұсыну мүмкіндігі берілді, ал шағын кәсіп иелерінен қағаз құжат талап ету екі ретпен шектелді.

Бұл өзгерістер цифрландыру мен ашықтықты арттырып, бизнеске сенімді әрі әділ салықтық орта қалыптастырады.

 

ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ – ӘДІЛДІК, ЖЕҢІЛДІК ЖӘНЕ ДАМУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ҚАДАМ

Алдыңғы

2026 ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР АЙЫНАН БАСТАП ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ КҮШІНЕ ЕНЕДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *