Шымкент қаласында AMANAT партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Әйел аманаты» бағдарламасы аясында интерактивті тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығын арттыру, іскерлік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ табысты кәсіпкерлік тәжірибелерін кеңінен насихаттау болды.
Бүгінгі таңда ел экономикасында әйелдердің рөлі ерекше. Олар тек отбасында ғана емес, бизнесте де табандылық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Осыған орай ұйымдастырылған тренингке түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйелдер, жас бастамашылар мен бизнеске қызығушылық танытқан тұрғындар қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға кәсіпкерлікті жаңа бастаған және тәжірибелі әйелдерге арналған нақты бағдарламалар, мемлекеттік қолдау тетіктері, қаржылық сауаттылықты арттыру жолдары туралы кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Halyk Bank» тарапынан ұсынылатын жеңілдетілген несие және оқыту жобалары таныстырылды.
Шарада спикер ретінде бірқатар іскер және тәжірибелі мамандар сөз сөйледі. Олардың қатарында AMANAT партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова, Halyk Bank АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары Айдос Келдібаев және Еңбек мобильділігі орталығының кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова болды.
Әр спикер өз тәжірибесінен мысал келтіріп, бизнесті бастау мен дамыту жолындағы кедергілерді еңсеру, қаржылық жоспарлау және мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану жайында құнды кеңестерімен бөлісті.
Тренингтің ерекшелігі – оның интерактивті форматта өтуінде. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, кәсіби мамандармен ашық пікір алмасты. Көптеген әйелдер өз бизнесін бастау немесе кеңейту бағытында нақты жоспарлар мен идеяларын ортаға салды. Сондай-ақ, спикерлер кәсіпкерліктегі табыстың негізгі кілті – өз ісіне деген сенім, білім және үнемі даму екенін атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай іс-шаралар әйелдердің өз қабілеттеріне деген сенімін арттыратынын айтты. Жиналғандар үшін тренинг жаңа идеялар мен іскерлік шабыттың алаңына айналды. Бұл кездесу көптеген қатысушылардың бизнес бастауға деген ынтасын күшейтіп, болашақ табысты жобалардың негізін қалады.
Мұндай кездесулер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, әйелдердің табысты болашағына жол ашары сөзсіз.













Comments