БизнесЖаңалықтарЭкономика

CASA, ТМК, БИДАЙ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ МИССИЯ: ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН-АУҒАНСТАН БИЗНЕС-ФОРУМЫ МЕН АУҒАН ТАУАРЛАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында ауған тауарларының жыл сайынғы үшінші көрмесі өз жұмысын бастады. Дәстүр бойынша Ауғанстан шеберлері көрмеде былғары және кілем бұйымдарын, құрылыс материалдарын, тәттілер мен құрғақ жемістерді, алкогольсіз сусындарды, көкөніс пен жеміс-жидектерді, асыл тастар мен зергерлік және қолдан жасалған бұйымдарын ұсынды. Көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Премьер-министрдің орынбасары ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин көрменің ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Биыл Шымкентке Ауғанстанның 180-нен астам кәсіпкері келді. Сол күні Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы да өтті. Форумға екі елдің мемлекеттік органдары, салалық компаниялары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.

«Ауғанстан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды сауда серіктестерінің бірі. Екі елдің де екіжақты және өңірлік деңгейде ынтымақтастықты дамытуға зор әлеуеті бар», — деді Серік Жұманғарин форумда сөйлеген сөзінде.

Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $545,2 млн құраса, биылғы жылдың 8 айында $335,9 млн болды. Кейбір тауарлар бойынша жеткізілімнің азаюына қарамастан, биыл қазақстандық бидай экспорты 2,9 есеге, күнбағыс майы – 3,1 есеге өсті, ал мұнай өнімдері мен жүк көліктерінің экспорты екі есеге артты.

«Болжам бойынша, биыл тек бидай экспортының әлеуеті 9,6 млн тоннаны құрайды. Қазақстан Ауғанстанға жоғары сапалы бидай, ұн, күріш және қант жеткізуді ұлғайтуға мүдделі. Бұл өнімдердің өндірісі заманауи агротехнологияларды қолданудың арқасында жыл сайын өсіп келеді», — деді вице-премьер.

Өз кезегінде Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи өткізілген бизнес-форумдар мен көрмелер екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға зор серпін беретінін айтып, қазақстандық инвесторларды ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, тау-кен өнеркәсібі және құрылыс салаларындағы жобаларды іске асыруға шақырды. Форумда тау-кен металлургия, автомобиль жасау, химия және құрылыс салаларында бірлескен өндірістерді дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.

Шымкентте зиянды әдеттерге қарсы жастар байқауы өтті

Алдыңғы

КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *