Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ АУҒАНСТАН ТАУАРЛАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ РЕСМИ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласында «Қазақстан-Ауған бизнес форумы» аясында Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен Ауғанстан тауарлары көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр өз сөзінде форум қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді.

«Ауғанстанның жоғары басшылығына біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумына Үкімет пен бизнес өкілдерінің қатысуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Ауған халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Ауғанстанның дәстүрлі өнімдері ұсынылған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін ерекше алғыс білдіремін. Көрмеде кондитерлік өнімдер, шырындар, алкогольсіз сусындар, көкөніс пен жеміс-жидектер, асыл тастар, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, былғары және кілем өнімдері, құрылыс материалдары және басқа да тауарлар ұсынылған», деді ол.

Биыл көрменің ауқымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Шымкент қаласына ауған бизнес қауымдастығының шамамен 180 өкілі келді. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің сауда байланыстарын дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.

Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр.

Еліміз өз өнімдерін ауған нарығына ілгерілетіп қана қоймай, ауған тауарларының біздің нарыққа шығуына да қолдау көрсетіп келеді екен. Осылай деген министр мұның айқын дәлелі Шымкент қаласында төрт күн бойы өтетін осы көрме.

Сондай-ақ іс-шара барысында екі елдің кәсіпкерлері, іскер топтар мен сауда палаталарының өкілдері өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Көрме аясында тараптар азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалар мен инвестициялық бастамаларды талқылады.

Көрмеге қатысқан Ауған бизнес қауымдастығының өкілдері Қазақстан нарығына өз өнімдерін ұсыну мүмкіндігі үшін алғыстарын білдіріп, келешекте бірлескен өндіріс алаңдарын ашу, экспорттық бағыттарды кеңейту және өзара сауда айналымын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Іс-шара соңында қатысушылар көрме павильондарын аралап, Ауғанстанның қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі өнімдерімен танысты.

 

КУРСАНТТАР ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚТАРДАН ӨТТІ

Алдыңғы

Шымкентте қыш өнері шеберлерінің халықаралық кездесуі өтті

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *