Шымкент қаласында 2025 жылғы шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу шаралары жүргізілді. Бұл туралы Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайдарды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Шәріп Асқар Рысбекұлы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында хабарлады.
Қаланың климаттық ерекшеліктеріне байланысты су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін сақтау – департаменттің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта судағы төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары сәуір айынан бастап белсенді түрде қолға алынған.
Шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында қаралып, нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, қала әкімінің 16 сәуірдегі №1785 қаулысымен «Шомылу кезіндегі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді.
Қала аумағында суға шомылуға арналған бес ресми орын анықталған. Оның үшеуінде шомылуға рұқсат етілген: Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник», Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» және Қошқар ата өзенінің бастауы. Сонымен қатар, суға түсуге тыйым салынған 13 орын белгіленіп, оларға 200 ескерту тақтайшалары орнатылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артық.
Жалпы қала бойынша аквасаябақтар мен бассейндерде, демалыс аймақтарында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында тұрақты түрде түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. Мектептерде 52 мыңнан астам оқушы қамтылып, 225 интерактивті сабақ өткізілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында арнайы стендтер орнатылып, ата-аналарға арналған ақпараттық хабарламалар мен бейнероликтер әлеуметтік желілер арқылы таратылды.
Қауіпсіздік бағытындағы түсіндіру жұмыстары аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бассейн және аквапарк иелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік осал отбасылардың 1400-ден астам балалары суға шомылуға тегін мүмкіндік алды.
Шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізілген кешенді шаралар қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында тиімді жүзеге асырылды. Әсіресе, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары көпшіліктің назарын аударды. Тұрғындарға арнап өткізілген ақпараттық жұмыстар, бейнероликтер мен интерактивті сабақтар қауіпсіздіктің басты компоненттерін түсінуге ықпал етті. Ата-аналар мен балаларға арналған арнайы хабарламалар да олардың судағы қауіпсіздік мәселесіне мән беруіне жағдай жасады.













Comments