Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы акционерлік қоғамы жанындағы медицина колледжінің Жалпы білім беретін пәндер кафедрасы мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Ювеналды полиция тобы бірлесе отырып, «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға бағынушылықты қалыптастыру болды.
Шараға Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби АПБ ҚҚБ ЮПТУПИ бөлімінің полиция майорлары Оңғарова Г.Т., Байсеитов С. және полиция капитаны Раймбекова А.Т. қатысып, студенттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың түрлеріне тоқталып, оларға қолданылатын әкімшілік жауапкершілік пен жаза шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықтың маңызын түсіндіріп, жастарды өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Шымкент қаласы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығының» психологы Күзембек Г.О. студенттерге психологиялық тренинг элементтерін қолдана отырып, өмірлік қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, эмоцияны басқару және өзара сыйластық қарым-қатынасты сақтау жөнінде кеңестер берді. Ол жастардың ішкі жан дүниесін түсініп, күйзеліске қарсы тұру қабілеттерін дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.
Профилактикалық кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға мамандардан нақты жауап алды.
Мұндай іс-шаралар болашақ медицина қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтуға зор ықпал етеді.













Comments