Шымкент қаласындағы Кәсіпкерлер палатасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Іс-шараның мақсаты – Жолдауда айтылған басым бағыттарды түсіндіру және оны жергілікті деңгейде іске асыру тетіктерін қарастыру.
Жиынға Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков және қала кәсіпкерлері қатысты.
Жиын барысында Ермек Тұрманов Мемлекет басшысының Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
– Бүгінде Шымкент қаласында өнеркәсіп, әсіресе өңдеу өнеркәсібі саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әкімдік тарапынан инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып отыр. Қала аумағында жалпы көлемі 1276 гектарды құрайтын 7 өндірістік алаң бар. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, бірлескен іс-қимыл жолдарын айқындау, – деді Е.Тұрманов.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Атап айтқанда, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев отандық тауар өндірушілердің сертификаттауға қатысты мәселелерді түсіндірсе, Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты сұрақтарға жауап берді.
Іс-шара кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогтың орнауына мүмкіндік беріп, Жолдауда көзделген экономикалық міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асырудың нақты бағыттарын айқындауға жол ашты.
Сонымен қатар, жиында кәсіпкерлердің пікірлері мен ұсыныстары негізінде құқықтық және әкімшілік кедергілерді жеңу мәселелері де қаралды. Бұл мақсатта құжат айналымын жеңілдету және кәсіпкерлерге қажетті ақпаратты уақытылы әрі қолжетімді түрде ұсыну бойынша арнайы жұмыстар жүргізілетін болды. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдіктерді түсіндіру арқылы кәсіпкерлердің бизнес ашу мен дамытудағы қиындықтарын азайту көзделуде.













Comments