Бүгін Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған кәсіби күн елімізде алғаш рет тойланып отыр.
Бұл күннің ресми түрде белгіленуі – техникалық және кәсіптік білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагогтер мен мамандарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі. Кәсіби мерекелер тізімі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 шілдедегі №232 бұйрығымен бекітілген болатын.
Салтанатты шараға Шымкент қаласы әкімдігінің білім басқармасы өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, партия және кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, ардагер ұстаздар мен колледж студенттері қатысты. Шара барысында студенттердің өз қолымен әзірлеген практикалық жұмыстарынан көрме ұйымдастырылып, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы мен өзектілігі кеңінен насихатталды.
«Шымкент қаласы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев өз сөзінде бұл мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті:
«Бүгін елімізде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласының кәсіби мерекесі алғаш рет аталып өтуде. Шымкенттегі барлық колледж өкілдері осы Жол-көлік колледжінде бас қосып отыр. Бұл – жастарды еңбекке баулуға, кәсіби дағдыларын дамытуға және болашақта өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал ететін маңызды бастама. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бағытта қолға алынған шаралар дуалды оқытуды дамытуға, тәжірибеден өтіп, кәсіби тұрғыда шыңдалуға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі көрмеде студенттердің өз қолымен жасаған жұмыстары ұсынылды. Бұл – еліміздің болашағына қажетті білікті мамандар өсіп келе жатқанының дәлелі», – деді ол.
Мереке барысында Шымкент қаласының білім саласы қызметкерлері ғана емес, студенттер мен жастар да үлкен ынта мен қызығушылықпен қатысып, өз мамандықтарын дамытуға деген ынталарының жоғары екендігін көрсетті. Жастардың еңбекке бейімделуі мен мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру үшін осындай шаралардың маңызы зор. Бұл – тек білім беру саласындағы ғана емес, еліміздегі еңбек нарығындағы жағдайды жақсартуға бағытталған үлкен қадам.














Comments