А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Даңқты боксшы, 4 дүркін КСРО чемпионы, 2 дүркін Азия және Азия ойындарының чемпионы, Еуропа чемпионы, Атланта Олимпиадасының қатысушысы Нұржан Сманов оқырмандар, жастармен кездесіп, әсерлі әңгіме өрбітті.
ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ боксының ақыл-ойы атанған Нұржан Дініқұлұлы спорттағы және өмір жолынан сыр шертіп, емен-жарқын сұқбат құрды. Іс-шараның мақсаты да осы – жастарға спорттың, оның ішінде бокстың ел руханияты мен халықаралық аренадағы орны туралы ұғындырып, жас буынды табандылыққа, еңбекқорлыққа және елін сүюге шақыру.
Н.Сманов небәрі 15 жасында бокстан КСРО және Еуропа чемпионы атанған. Осы жаста КСРО-ның Халықаралық дәрежедегі спорт шебері құрметті атағын алды. Тоқсаныншы жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болды. 1996 жылы Атланта олимпиадасында бақ сынап, бесінші орынға иелік етті.
Кеш барысында оқырмандар даңқты спортшының өмір жолы мен спорттағы жетістіктерімен жақыннан танысып, өз сауалдарына жауап алды. Сондай-ақ, белгілі азамат қазақ боксының қазіргі дамуы, мәселелері жөнінде өз ойларын айтты.
Кездесу барысында Нұржан Сманов жастарды еңбекқорлыққа, өз мақсатына жетуге деген ұмтылысты ерекше атап өтті. Ол өз тәжірибесінен, жеңістері мен жеңілістерінен алған сабақтарын бөлісіп, шыдамдылық пен қажырлы еңбектің нәтижесінде ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынын айтты. Сонымен қатар, спорттың адам өміріндегі маңызы мен денсаулықты сақтаудың жолдарын түсіндіріп, жастарға дұрыс өмір салтын ұстануға кеңес берді.
Боксшы өз сөзінде ұлттық спортты насихаттаудың, оны халықаралық деңгейде танытудың маңыздылығына да тоқталды. Оған қоса, Қазақстанның спорттық инфрақұрылымын жақсарту және жастар арасында спортты кеңінен дамыту үшін қосымша шаралар қажет екендігін айтты. Спорттың жастарды тәрбиелеуде, олардың бойында ерік-жігер мен көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруда атқаратын рөлі өте зор.
Іс-шараның соңында Нұржан Сманов жастарға рухани күш-жігер мен патриотизмнің маңыздылығын айтып, өз туған еліне қызмет ету – әр азаматтың қасиетті міндеті екенін ерекше атап өтті. Кездесуге қатысушылар, әсіресе жас спортшылар, бұл кездесуден мол әсер алып, алдағы уақытта өздеріне үлкен мақсаттар қойып, оларды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға ниеттенді.













Comments