Шымкент қаласының әкімі Тұран ауданындағы «Авто-Нұр» базарының айналасын абаттандыру және ретке келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар, Гагарин көшесінде салынып жатқан қоғамдық кеңістік құрылысы да бақылауға алынды. Аумағы 7 000 шаршы метрді құрайтын жаңа демалыс аймағы қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи орын болмақ. Жауапты мамандарға субұрқақ орнатып, нысанды тиісті деңгейде күтіп ұстау тапсырылды.
Бұдан бөлек, қала әкімі «Қарасу» тұрғын алабындағы өзен үстінен өтетін көпірдің жағдайын қарады. 1965 жылы салынған бұл құрылыс әбден ескіргендіктен, қазіргі қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Көшпелі кездесу барысында жергілікті тұрғындар жаңа көпір салу мәселесін көтерді. Осыған байланысты әкім жауапты басқармаларға заманауи әрі сенімді көпір тұрғызу міндетін жүктеді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Еңбекші ауданының «Бадам» шағынауданында демеушілер есебінен бой көтеріп жатқан ангар үлгісіндегі спорт кешенінің құрылысын тексерді. Құрылыс қарқынын жеделдету, сапаны қатаң қадағалау, кешенді заманауи спорт жабдықтарымен толық қамтамасыз ету және оның айналасында қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.
Әкімнің айтуынша, қаладағы инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Соңғы жылдары Шымкентте жолдарды кеңейту, жарықтандыру жүйесін жаңарту және қоғамдық кеңістіктерді көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстардың барлығы мегаполистің заманауи, жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналуына сеп болады.
Сонымен қатар, әкімдік тарапынан экологиялық ахуалды жақсарту мен жасыл аймақтарды көбейту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қала көшелерінде ағаш отырғызу, суару жүйесін реттеу және тұрмыстық қалдықтарды басқару мәдениетін арттыру жобалары қолға алынған. Бұл бастамалар тұрғындардың қатысуымен жүзеге асқанда ғана өз нәтижесін береді, – деді қала басшысы.
Күннің екінші жартысында қала әкімі бірнеше нысандағы жұмыстардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты тұлғалармен жиналыс өткізді. Онда әрбір жобаның сапасын бақылау және тұрғындар пікірін ескеру қажеттігі айтылды. Жұмыстарды сапалы атқару – әкімдік пен мердігер ұйымдардың басты міндеті екенін атап өтті.













Comments