Бүгін Шымкент қаласындағы Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Қоғамдық келісім» РММ қызметкерлерінің жоғары және орта білім беру мекемелері мен қала тұрғындары арасындағы «Даналық көпірі» интерактивті кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы Ержан Ибраев, бас сарапшысы Ботакөз Джаксымбетова, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, Қаратау аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Зульфия Бекмурзаева және университет жастары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – өзекті әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді талқылау, оларды шешу бойынша Ақсақалдар кеңесі, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сындарлы диалог орнату, ұсыныстар әзірлеу. Сонымен бірге жастарды азаматтық белсенділікке тарту, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, қоғам өміріне белсенді араластыру болды.
«Қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау – тек мемлекеттік органдардың емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Жастардың ойы, ұсынысы біз үшін маңызды, себебі олар ертеңгі күннің иесі», — деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы Ержан Ибраев.
«Даналық көпірі» интерактивті кездесуі жастар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды шара болып табылды. Кездесу барысында жастар өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын ашық білдіріп, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен әлеуметтік мәселелер туралы өз көзқарастарын ортаға салды. Мұндай алаңдардың ұйымдастырылуы азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, жастарды өзекті мәселелерді шешуге атсалысуға ынталандырады. Сонымен қатар, бұл жастарға көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді.
Comments