Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының кезекті басқосуы ұйымдастырылды.
Жиында «Ассамблея айнасы» жобасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған негізгі міндеттер талқыланып, оны жүзеге асырудың алдағы жоспары сөз болды. Сонымен қатар ақпараттық кеңістіктегі кәсіби этика мен жауапкершілік мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Клуб жұмысына төраға Әбдез Иманқұлов жетекшілік жасап, отырысты ашып берді. Басқосуға қатысқан журналистер мен блогерлер қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің ықпалы туралы ой бөлісті.
Айта кетейік, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубы 2018 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Оның негізгі мақсаты – жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, этносаралық келісімді және рухани тұтастықты нығайтуға атсалысу. Сондай-ақ клуб мүшелері азаматтық сәйкестік, толеранттылық пен патриотизмді дәріптейтін материалдардың БАҚ-та және әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануына ықпал етіп келеді.
Клубтың кезекті отырысында, әсіресе ақпараттық кеңістіктегі кәсіби этика мен жауапкершіліктің маңыздылығы айтылды. Журналистер мен блогерлер қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілік мәселелерін жариялау барысында өздерінің кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде орындауға тиіс екендігін түсіндірді. Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен интернет алаңдарында ақпараттың жедел таралуы, оның ішінде жалған ақпараттың тарауы және манипуляциялар мәселесі маңызды тақырыпқа айналып отыр. Сондықтан журналистер мен блогерлердің ақпаратты дұрыс, тексерілген әрі шынайы түрде жеткізуі, қоғамға деген жауапкершілігін арттырады.
Клубтың жұмысын әрі қарай дамыту мақсатында, мүшелері ақпараттық құралдар мен әлеуметтік желілердегі мазмұнды саяси, әлеуметтік және мәдени тұрғыда жақсарту үшін бірлескен жобалар ұсынды. Бұл кездесулердің нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының рөлі елдегі этносаралық келісімді нығайту мен азаматтық қоғамды дамытуда айтарлықтай маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеді. Клубтың келесі кезеңдегі жұмысы жастар мен көпшілік арасында этносаралық түсіністік, келісім мен толеранттылық мәдениетін насихаттау бағытында жалғасын табады.













Comments