Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызметін нығайту бағытында маңызды қадамдар жасалып келеді. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақ тілін цифрлы ортада дамыту ісін одан әрі жалғастыру тапсырмасы аясында және «Amanat» партиясының 2023 жылдан бастап жүзеге асырып жатқан «Менің елім-менің тілім» жобасы аясында жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында «Қазақша сөйлеу – тренд» акциясы ұйымдастырылды.
Акция Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-сі, «Amanat» партиясының Созақ аудандық филиалы және «Amanat» партиясының Созақ аудандық филиалы «Мыңжылқы» бастауыш ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында қазақ тілінің күнделікті өмірде қолданылуын насихаттау, тіл мәдениетін арттыру және жастарға қазақ тілінің маңызды рөлін көрсету болды.
Акция үш кезеңнен тұрды:
- «Қазақша сөйлеу – тренд» тақырыбында бейне ролик таныстыру – Қатысушылар өз ойларын шығармашылық түрде бейнелеп, қазақ тілінің өзекті мәселелеріне назар аударды.
- Патриоттық бағыттағы өлең оқу – Әрбір қатысушы қазақ тілінде патриоттық өлеңдер оқып, тілдің рухани күшін әрі ұлттық құндылықтарды дәріптеді.
- «Қазақ тілінің болашағын қалай елестетесіз?» тақырыбында постер қорғау – Бұл кезеңде қатысушылар қазақ тілінің келешегі мен оның қоғамдағы орны туралы өз көзқарастарын визуалды түрде жеткізіп, халыққа ұсынды.
Акция қорытындысында марапаттар тағайындалды:
- І орын — Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Жас дарын» тобы
- ІІ орын — Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Алаш» тобы
- ІІІ орын — Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп интернат-лицейінің «Сөз сыры» тобы
Сонымен қатар, Н.Төреқұлов атындағы IT мектеп-лицейінің «Тіл білгірі» тобы және А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Жалынды жастар» тобы алғыс хатпен марапатталды.
Барлық қатысушы топтар «Amanat» партиясы Созақ аудандық филиалының алғыс хатымен марапатталды. Бұл акция жастарды қазақ тілін құрметтеуге, оны үйренуге және қоғамда қолдануға үлкен ынталандыру болды. Тіл саясатын дамытуға үлес қосып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатындағы осындай шаралар болашақ ұрпақ үшін маңызды әрі қажет екенін көрсетеді.
Comments