Әкелер күніне орай балалар кітапханасында «Әке сөзі — дана сөз» атты әдеби танымдық кеш ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның басты мақсаты — отбасының ұйтқысы, негізгі тірегі болып саналатын әке тұлғасын үлгі ете отырып, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту, әкеге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл кештің аясында балаларды отбасылық құндылықтарды дәріптеу, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және кітапхананың қызметіне назар аударту маңызды болды.
Іс-шараға Халықаралық «Алтын қалам» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, сондай-ақ Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Мақсат Жеңісұлы ағамыз қатысып, өз немересі Шахмармен бірге кітапханаға келді. Олар оқырмандарға отбасылық құндылықтар туралы әңгіме қозғап, отбасындағы әке ролінің маңыздылығы жөнінде сұрақтарға жауап берді.
Кітапханадағы кездесу барысында Мақсат ағамыз немересіне ертегі оқып, екеуі бірге боямақ бояды. Бұл шараның басты мақсаты — баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және ата-анамен бірлесіп оқудың маңыздылығын түсіндіру болды. Әке мен баланың бірге кітап оқу сәті кітапхана ішінде шынайы әрі естелікке толы әсерлі көрініске айналды.
Балалар кітапханасының меңгерушісі Ғалия Маймақова Мақсат ағамызды Әкелер күнімен құттықтап, оларға ерекше алғысын білдірді.
Осылайша, бұл шара әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуға, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы тәрбие сабақтастығын сақтауға зор үлес қосты. Әке туралы айтылған әрбір сөз, әрбір әңгіме жас ұрпақты тәрбие мен білімге баулуда маңызды рөл атқарады. Әкенің ақылы мен бағыт-бағдары баланың өмірінде ұзақ уақытқа дейін сақталатыны белгілі. Сондықтан да отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әсіресе, әке рөлін асқақтату, қоғам үшін өте маңызды.
Бұл іс-шараның тағы бір ерекшелігі — кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және кітапхананың рөлін жаңаша көзқараспен таныту болып табылады. Кітап оқуды бала бойына ерте сіңіру, оған дұрыс тәрбие беру — болашақта оның саналы, білімді азамат болып қалыптасуына негіз қалады. Әкелер мен балалардың бірлесіп кітап оқуына жағдай жасап, мұндай кездесулерді жиі ұйымдастыру — ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, сондай-ақ кітапқа деген құрметті арттыруға септігін тигізеді.

















Comments