Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы қыс мезгіліне тыңғылықты дайындық жұмыстарын қолға алып отыр. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында аудан әкімі Мықтыбеков Маратбек Сәменбекұлы мәлімдеді.
Аудан аумағында барлығы 931 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 861 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда осы үйлердің 97 пайызы қысым сынағынан өткізіліп, жүйелердің дайындығы тексерілді. Бұл жұмыстар тұрғындардың қыс мезгілінде жылу тапшылығын сезінбеуі үшін жасалып отыр.
Тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында ауданда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы белсенді түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бері аудан аумағында 41 рет сенбілік ұйымдастырылған. Бұл шараларға 8 мыңға жуық тұрғын мен мемлекеттік қызметкерлер қатысып, 190 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде жалпы көлемі 504 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Қала аумағының тазалығын тұрақты сақтау үшін негізгі көшелер мен қоғамдық орындарға қосымша 275 қоқыс жәшігі орнату жоспарланып отыр.
Маратбек Мықтыбековтің айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жүйелі дамытуға және ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. «Қысқы маусым – жауапты кезең. Сондықтан әрбір коммуналдық мекеме мен жауапты ұйым қысқа толық дайын болуы тиіс. Тұрғындарға жылы әрі қауіпсіз жағдай жасау – біздің басты міндетіміз», – деді аудан әкімі.
Әл-Фараби ауданы бүгінде Шымкент қаласының әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан ең белсенді аймақтарының бірі саналады. Ауданда жыл сайын жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындары салынуда. Қаланың экологиялық бейнесін жақсарту, көше мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасын табатын болады.













Comments