Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық бөлімшесі шаһар мамандарына еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Комитет мамандарының айтуынша, басты назар жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын заң аясында реттеу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау, өндірістік жарақаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Осы мақсатта білім саласының мамандарына кездесулер ұйымдастырылып, еңбек шартын электронды форматта ресімдеу, еңбекақының уақытылы төленуі, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының дұрыс реттелуі жөнінде әдістемелік кеңес берілді.
Азаматтардың еңбек құқығын қорғау бағытында сенім телефондары, қабылдау күндері және онлайн өтініштер қарастыру жүйесі жолға қойылған. Әрбір арыз-шағым дер кезінде қаралып, заңға сәйкес шешім қабылданады. Жиында арнайы тоқталған мәселелердің бірі Бірыңғай цифрлық платформа таныстырылды. Бұл әлеуметтік саланың барлық үдерістерін біріктіретін мемлекеттік ақпараттық жүйе екен.
Жаңа платформа азаматтарды тіркеуден бастап, әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау мен мониторинг жүргізуге дейінгі процестерді толық автоматтандыруға бағытталған. Мамандардың айтуынша, жүйе халыққа көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, қолжетімділігін және тиімділігін арттырады. Сонымен қатар, бюджет қаражатының жұмсалуына ашық бақылау орнатып, жалған құжаттармен жұмысқа орналасудың алдын алуға мүмкіндік береді. Платформа денсаулық сақтау, білім беру, туризм және спорт салаларын қамтып, барлық ведомстволардың өзара іс-қимылын үйлестіруге негізделген.
Басты артықшылығы, әлеуметтік көмектің әділ әрі нақты тағайындалуы, процестердің толық ашықтығы, қағазбастылықты азайту және мамандардың жұмысын жеңілдету болып отыр. Әр отбасыға арналған цифрлық қолдау маршруты қалыптасып, төтенше жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмек көрсету тетігі қарастырылады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық бөлімшесі басшысы Жеңіс Мақұлбаев еңбек заңнамасымен қатар, қазір енгізіліп жатқан бірыңғай цифрлық платформа жайында түсіндіріп өтті.
«Платформаның негізгі мақсаты мемлекеттік әлеуметтік қызметтерді толық цифрландыру арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін, тиімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету болып отыр. Бұл жүйе әлеуметтік көмек пен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және заңсыз еңбек қатынастарын болдырмауға мүмкіндік береді», – деді ол. Жаңа жүйенің артықшылығы сол, барлық деректердің бірегейленуі мен бақылаудың күшеюі. Осы арқылы еңбек шарттарының заңдылығы қадағаланбақ.
Comments