Шымкентте қазақ күресінен дәстүрлі «Шымкент барысы – 2025» турнирі дүркіреп өтті. 13-ші дәстүрлі сайыста өңіріміздің ең мықты деген 20-дан астам балуаны бозкілемге шығып, күш сынасты. Олардың арасында қазақ күресінен әлем чемпионаттары, халықаралық турнирлердің жүлдегерлері бар. Жарыс көрермендерге тартысты белдесулер мен нағыз қазақ күресінің рухын сыйлады.
Шымкентте өткен қазақ күресінен «Шымкент барысы – 2025» турнирі қала тұрғындары мен спорт сүйер қауым үшін ерекше шараға айналды. Бұл дәстүрлі турнир тек қаладағы балуандар үшін үлкен мүмкіндік қана емес, жалпы ұлттық спорттың мәртебесін арттыруға ықпал ететін алаңға айналып келеді.
Бұл дода – тек қалалық деңгейдегі беделді жарыс қана емес, сонымен қатар балуандар үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені бірінші және екінші орын иегерлері «Қазақстан барысы» республикалық турниріне тікелей жолдама алады. Өткен жылғы республикалық турнирдің күміс жүлдегері Ерсұлтан Мұзаппаров биылғы жарысқа қатысқан жоқ. Осылайша тәжірибелі өзге де жерлестеріміз өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық қазақ күресі федерациясының басшысы Асхат Мәуленов құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Биылдан бастап ұлттық спорт олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болды.
Сонымен, биылғы бәсекеде тәжірибелі балуандар Мейіржан Әбдімәліков пен Нұрсұлтан Қожагелдіұлы финалдық кезеңге шықты. Соңғы шешуші белдесуде Нұрсұлтан Қожагелдіұлының бағы жанып, «Шымкент барысы – 2025» турнирінің жеңімпазы атанды. Енді қос балуан республикалық турнирде белдеседі. Жеңімпаз және жүлдегер балуандар федерация, демеушілер тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
«Шымкент барысы» – жас спортшыларға кәсіби деңгейге көтерілуге жол ашатын, ал тәжірибелі балуандар үшін өз шеберлігін шыңдайтын маңызды алаң. Ендігі кезекте аталған спортшылардың республикалық бәсекеде жүлдегер атануына сәттілік тілейміз.
Comments