Шымкент қаласында 9 қыркүйек – «Тоғызқұмалақ күніне» орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп, Орталық стадионның шахмат залында тоғызқұмалақ сайысын өткізді. Онда басқарма қызметкерлері, спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар қатысып, ұлттық спортты насихаттады.
Бүгін еліміздің барлық өңірінде таңғы сағат 9:00 -ден бастап әр түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Тоғызқұмалақ күні әлем бойынша кең көлемде насихатталмақ.
Тоғызқұмалақтан Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері Сәбит Сапарбековтың айтуынша, бүгін қала мектептеріндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің шәкірттері ұлттық спорттан сайысқа түсуде. Онда қала мектептерінен жалпы екі мың жасөспірім бақ сынайды.
Сонымен қатар, онлайн форматта да тағы 9:00 -ден кешкі 21:00-ге дейін көптеген жастар, тұрғындар да тоғызқұмалақ ойнап, ұлттық спортты жаңғыртпақ. Қатысушылардың нақты саны кешке анықталады. Жалпы елімізде тоғызқұмалақ тақтасы бар барлық оқу орындарында оффлайн-онлайн форматта тоғызқұмалақ ойнаудан флешмоб, турнирлер өтуде.
Айта кетсек, шаһарда тоғызқұмалақ спорты қарқынды дамып келеді. Қала спортшылары халықаралық бәсекелерде, Азия және әлем чемпонаттарында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Шымкентте қараша айында тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында командалық ҚР чемпионатын өткізу жоспарда тұр.
Бұл шараның басты мақсаты – ұлттық спорт түрін дәріптеп, жастар арасында оған деген қызығушылықты арттыру. Шымкент қаласында тоғызқұмалақ ойынының танымалдылығы жылдан жылға артып келеді, және ол тек спортшылардың ғана емес, қала тұрғындарының да қызығушылығын туғызуда. Қала әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, бұл ойын тек мектептерде ғана емес, барлық жастар арасында кеңінен таралуда. Жастардың осындай іс-шараларға белсене қатысуы ұлттық мұраны сақтау және жаңа ұрпаққа тәлім-тәрбие беру үшін маңызды қадам болып табылады.
Comments