Қоғам

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ: БОЛАШАҚҚА ЖАҢА ҚАДАММЕН

Бүгін Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауы барша отандастарымызға тың серпіліс беретін, жаңа нәтижелерге жоспарлар айқындалған тарихи сәтке куә болдық. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуына, отандық ғылым және жоғары білім саласына қатысты маңызды мәлімделер жасады. Жолдауда Мемлекет басшысы ғылым, білім, инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстырудың маңызына тоқталды. Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан, ғылым, білім, инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру керек. Сондай-ақ жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болатынын атап өтті.
Сонымен қатар Президент өз сөзінде: «Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн» деп нақты басым-бағыттарды нақтылады.
Иә, дарынды зерттеушілер – қоғам игілігі және ғылым мен жоғары білім саласының басты құндылығы десек, артық айтқандық емес. Бұл сұраныстарды қанағаттандыру үшін Әуезов университеті бүгінде табысты еңбек етуде. Жаһандық бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау – біздің басты мақсатымыз. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін біз батыл әрі табанды қызмет етіп келеміз. Биылғы жылы Әуезов университеті шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуде үлкен бастаманы қолға алды. Атап айтқанда, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Arizona State University (ASU) арасындағы серіктестік аясында қос диплом моделі бойынша ASU филиалын ашу жоспарлануда. Бұл жоба Қазақстандағы жоғары білімнің сапасын арттырып, студенттерге әлемдік деңгейдегі білім алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтереді деп кәміл сеніммен айта аламыз. Алдымен Arizona State University не үшін таңдалды? Осыған аз-кем тоқталсақ… Arizona State University (ASU) — АҚШ-тағы ең ірі және беделді жоғары оқу орындарының бірі. Университет Аризона штатының Темпе қаласында орналасқан және 1885 жылы негізі қаланған. ASU инновацияларға, зерттеулерге және студенттердің жан-жақты дамуына үлкен көңіл бөледі. Оқу ордасы АҚШ-тағы ең үздік оқу орындарының қатарына кіреді және әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған студенттерді қабылдайды.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы елімізде үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырған еді. Міне, Президент көтерген дарынды зерттеушілерді қолдау – кезек күттірмейтін, керісінше, күн тәртібіндегі ең өзекті мәселенің біріне айналғанын көріп отырмыз.
Әуезов университетінің ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауын ұжым болып қолдай отырып, ғылыми прогресстің дамуына зор үлес қоспақ. Өйткені, өскелең ұрпақтың білімді, озық ойлы, бәсекеге қабілетті болып өсуі баршамызға ортақ міндет.
Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі қашанда өзекті.
Дархан Ахмед-Заки,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ
Басқарма Төрағасы-ректоры

«Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа шақырамыз!

Алдыңғы

Правильный курс развития страны

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *