Жақсылық жасау – адамды биіктететін асыл қасиет. Қайырымдылықтың мәні – мұқтажға қол ұшын созып, жүректерге қуаныш сыйлау. Әсіресе, бала жүрегін шаттыққа бөлеу – ең үлкен сауапты іс. Осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Respublica» партиясының Шымкент қаласындағы әйелдер қанатының облыстық филиалы жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп жасындағы балаларға қолдау көрсету, олардың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалуына мүмкіндік жасау.
Акция мерекелік көңіл-күйге толы болды. Балаларды аниматорлар қызықты бағдарламамен қарсы алып, би мен ойын ұйымдастырды. Салтанатты жиын барысында қонақтар жүрекжарды тілектерін білдіріп, балалардың қуанышын бірге бөлісті.
Шараға «Respublica» партиясының Шымкент қаласындағы әйелдер қанатының облыстық филиалының төрайымы Нилуфар Сайдуллаева, ҚХА жанындағы қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, сондай-ақ партия мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Акция аясында 70-тен аса оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама барысында балаларға сыйлықтар беріліп, жаңа оқу жылына сәттілік тілегі айтылды.
— «Бала қуанса – әлем қуанады. Бүгінгі шара арқылы балаларға қамқорлық пен мейірім сыйлау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған инвестиция», – дейді ұйымдастырушылар.
Шымкент қаласында өткен «Мектепке жол» акциясы арқылы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына үлкен қолдау көрсетілді. Шара барысында балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталып, олар мерекелік көңіл-күйде аниматорлармен бірге би мен ойындармен қуанышқа бөленді. Іс-шараның мақсаты – балаларға мейірім мен қамқорлық көрсету арқылы олардың жаңа оқу жылына дайындықтарын қамтамасыз ету болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қайырымдылық іс-шаралары болашақ ұрпақтың дамуына үлкен ықпал етіп, қоғамда мейірімділік пен бірлікті арттырады.
Comments