Еңбекші ауданы тұрғындары мен мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен «Ten Qogam» орталығында «Әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауда отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделін енгізу» тақырыбында жиналыс өтті.
Іс-шараға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Отбасы банк» өкілдері қатысып, жоба туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері түсіндірілді.
Жиын барысында пилоттық жобаның цифрлық платформа негізінде жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Жоба білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Скорингтік модель бойынша отбасылардың әл-ауқаты 23 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш негізінде бағаланып, 6 санатқа бөлінеді. Қажетті қолдау түрлері цифрлық платформа арқылы автоматты түрде тағайындалады.
Мемлекеттік жәрдемақылар бұрынғысынша сақталады, ал қосымша көмектер (тегін тамақ, жатақхана, емдеу, тұрғын үй көмегі) жергілікті бюджет есебінен нақты мұқтаж азаматтарға беріледі. Бағалау кезінде табыс, мүлік, көлік, несие, денсаулық жағдайы, мүгедектік, білім деңгейі және бейресми табыс ескеріледі.
Мысалы, отбасында екі үйі, екі көлігі, тіркелген заңды тұлғасы бар және табысы күнкөріс деңгейінен төрт есе жоғары болса, ол қосымша қолдауға жатпайды. Ал 1–5 санаттағы отбасыларға көмек автоматты түрде беріледі.
Айта кетейік, скорингтік модель 41 мемлекеттік жәрдемақыға әсер етпейді, олардың төлемі өзгеріссіз қалады.
Жиын соңында қатысушылар мамандарға сұрақтарын қойып, нақты әрі түсінікті жауаптар алды.
Бұл жиналыс Шымкент қаласының әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадамды көрсетеді. Скорингтік модельдің енгізілуі қала тұрғындарына мемлекеттік қызметтер мен көмектерді тиімді әрі әділ түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Цифрлық платформа негізіндегі бұл жүйе әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасыларға қажетті қолдау түрлерін дер кезінде әрі дұрыс тағайындауға бағытталған.
Скорингтік модельдің енгізілуі азаматтардың жағдайын жан-жақты бағалауға, оларды санаттарға бөлуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай жүйе тек қаржылық қолдауды ғана емес, сондай-ақ тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау мен спорт салаларындағы қызметтерді де тиімді пайдалануға жол ашады.
Comments