Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауды цифрландыру бойынша жаңа пилоттық жоба іске аспақ. Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары – Касымова Жанар Сатыбалдықызы мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, әлеуметтік салада енгізіліп жатқан скорингтік модель бүгінде Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында сынақтан өтуде.
Әлеуметтік салада енгізіліп жатқан скорингтік модель – Қазақстандағы әлеуметтік саясатты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жаңашыл бастама. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық жоба ретінде Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында сынақтан өткізіліп жатыр. Жаңа тәсілдің басты мақсаты – әлеуметтік көмекті алудағы ашықтықты, әділдікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдаудың ең алдымен шынымен мұқтаж отбасыларға жетуін жеделдету.
Бұл модельдің ерекшелігі – бірыңғай цифрлық платформа негізінде жұмыс істеуі. Яғни бұрын тұрғындар әр мекемеге жеке барып, құжат жинап, кезекте тұрып жүрсе, енді барлығы автоматтандырылған электронды жүйе арқылы жүзеге асады. Қазіргі кезде білім беру, тұрғын үй, спорт және әлеуметтік қорғау салалары бойынша 11 мемлекеттік қызмет осы жүйеге көшірілді. Бұлардың қатарында жастар мен студенттерге жатақхана беру, оқушыларға тегін тамақтандыру, балаларға лагерьге жолдама бөлу, азаматтарға жалға алу төлемін субсидиялау, сондай-ақ отбасыларға тұрғын үй көмегін тағайындау сияқты тұрғындар үшін аса маңызды қызметтер бар.
Жүйенің жұмыс істеу тәртібі де қарапайым әрі түсінікті. Егер отбасы немесе азамат белгілі бір мемлекеттік қолдауға мұқтаж болса, оған арнайы SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл хабарламада көрсетілген сілтеме арқылы азамат қажетті қызметті онлайн түрде рәсімдей алады. Мұндай әдіс әлеуметтік көмекті алу процесін әлдеқайда жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұрынғыдай құжат жинап, түрлі мекемелерді аралаудың қажеті болмайды.
Айта кету керек, скорингтік модель республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге әсер етпейді. Қазіргі таңда мемлекеттен беріліп келе жатқан 41 түрлі жәрдемақы бұрынғыдай сақталады. Мысалы, көпбалалы аналарға берілетін төлемдер, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек сияқты негізгі қолдаулар өзгеріссіз жалғасады. Жаңа жүйе тек жергілікті бюджет есебінен көрсетілетін қосымша көмекке қатысты қолданылады. Яғни әкімдіктер бөлетін белгілі бір жеңілдіктер мен көмектерді әділ бөлуге бағытталған.
Comments