Әлеумет

​Шымкентте ұландықтар «Мектепке жол» акциясына қолдау көрсетті

Жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда. Бұл игі бастама әлеуметтік қолдау көрсетуге, балаларға қуаныш сыйлауға және олардың білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған. Биыл Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына қарасты 6506 және 6698 әскери бөлімдері де осы акцияға белсене қатысты.

Шара аясында әскери қызметшілердің биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайтын балаларына салтанатты түрде мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарлары табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жалпы саны 50-ге жуық бірінші сынып оқушысы жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтардың толық жиынтығына ие болды. Бұл балалар үшін үлкен қуаныш болса, ата-аналары үшін де маңызды қолдау болды. 6506 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауржан Шораев шара барысында сөз сөйлеп, акцияның мән-маңызына тоқталды. «Мектепке алғаш қадам басқан әрбір бала ерекше қолдауға лайық.

Бұл – олардың өміріндегі ең жауапты әрі есте қаларлық сәттердің бірі. Біз әскери қызметшілеріміздің отбасыларына осындай кезеңде қолдау көрсете алғанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Балаларға қамқорлық көрсету – біздің әскери дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Олардың болашағына үлес қосу – әрқайсымыздың парызымыз», – деді ол.

Акция барысында балалардың жүзінен қуаныш пен шаттық сезімі байқалды. Әскери бөлім аумағында өткен шағын мерекелік жиында ата-аналар да алғыстарын білдіріп, бұл қамқорлық олардың отбасыларына үлкен демеу болғанын атап өтті. Әсіресе, әскери қызметтің жауапкершілігі жоғары, тәртібі қатаң жағдайында қызмет ететін ата-аналар үшін мұндай қолдау ерекше маңызды.

Айта кету керек, «Мектепке жол» акциясы Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде жыл сайын дәстүрге айналып келеді. Әр оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын бұл шара әскери қызметшілердің отбасыларына қамқорлық жасауды көздейді. Әскери басшылық тарапынан әлеуметтік қолдау мәселесі әрдайым басты назарда. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасып, әскери ұжымда берік орнығатыны сөзсіз.

Жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алатын бүлдіршіндер үшін мұндай сыйлықтар үлкен мотивация болып қана қоймай, олардың білімге деген ынтасын арттырады. Әскери бөлімдерде қалыптасқан игі дәстүр – қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің, бірлік пен қамқорлықтың айқын көрінісі.

Шымкентте қайтарымсыз грант бойынша комиссия отырысы басталды

Алдыңғы

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ: ОТБАСЫ ӘЛ-АУҚАТЫН БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *