Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен маңызды қоғамдық денсаулық шарасы өтті. Күн тәртібінде адам папиллома вирусын (АПВ) диагностикалау, алдын алу және 11 жасар қыз балаларға вакцинация жүргізу тақырыбы тұрды. Сонымен қатар, әлемде белең алып келе жатқан жаңа жұқпалы аурулар жөніндегі мәселелер қозғалды.
Семинарға Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланы қорғау бөлімінің мамандары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және аудандық басқармалардың өкілдері, сондай-ақ ОҚМА-ның инфекциялық аурулар және дерматовенерология кафедрасының қызметкерлері қатысты. Қалалық медициналық ұйымдардың бас дәрігер орынбасарлары, дәрігер-иммунологтар, онкологтар, инфекционистер мен госпитальдық эпидемиологтар да пікір алмасуға белсене араласты.
Адам папиллома вирусы – қазіргі медицинадағы ең өзекті мәселелердің бірі. Мамандардың айтуынша, бұл вирус жатыр мойны обырының негізгі себебі болып табылады. Әлемде жыл сайын жүздеген мың әйел осы дерттен зардап шегуде. Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцинацияны кең көлемде енгізу – онкологиялық аурулардың алдын алудағы басты қадамдардың бірі саналады. Дәрігерлердің пікірінше, 11 жасар қыз балаларға екпе жасау ең тиімді уақыт болып есептеледі, себебі бұл жас – ағзаның иммундық жүйесі екпеге жақсы жауап беретін кезең.
Семинарда ата-аналардың вакцинацияға деген көзқарасын қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Жиынға қатысқан мамандар қоғамда кейбір жалған ақпараттың таралуы екпе жұмыстарына кері әсер етіп отырғанын айтты. Сол себепті бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және мектептер арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігі ерекше атап өтілді. Вакцинация тек қыз балалардың болашақ денсаулығын емес, жалпы қоғамның онкологиялық қауіптен қорғанысын қамтамасыз ететінін дәрігерлер тағы бір мәрте еске салды.
Сонымен қатар, семинарда халықаралық деңгейде алаңдатушылық тудырып отырған жаңа індеттер туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Қытайдың Гуандун провинциясында тіркелген Чикунгунья вирусы жайлы ақпарат талқыланды. Бұл ауруды масалар таратады және ол дене қызуының көтерілуімен, буындардың қатты ауыруымен сипатталады. Қазақстандық мамандар көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалды қадағалап, алдын алу шараларын күшейтуге дайын екендіктерін жеткізді.
Жиын қорытындысында мамандар халықтың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу, вакцинацияның маңызын арттыру және жұқпалы аурулардың алдын алудағы халықаралық тәжірибені енгізу қажеттігін атап өтті. Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын мәлімдеді.
Comments