Бір мысқыл болмаған соң ісінде олқы,
Сүйді оны биіктігі үшін халқы.
22 тамыз – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеден озған күні. Уақыт озған сайын халықтың жүрегіндегі сағыныш пен құрмет азайған жоқ, қайта нығая түсуде.
Бүгін Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері Д.Қонаев пен Тәуке хан даңғылдарының қиылысында орнатылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жиынға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Бекет Тұрғараев және қала тұрғындары қатысты.
Шағын басқосуда сөз алғандар Дінмұхамед Ахметұлының ел дамуына қосқан үлесін, ел басқарудағы парасат-пайымын, қарапайымдылығы мен зиялылығын айрықша атап өтті. Олар ұлы қайраткердің өмір жолын жастарға кеңінен насихаттау – бүгінгі буынның басты міндеті екенін жеткізді.
Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды ширек ғасыр бойы басқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Деректерге сүйенсек, Қонаев басшылық еткен жылдары республиканың өндірістік әлеуеті 700 пайыздан астам өсті. Өнеркәсіп көлемі 9 есеге, ауыл шаруашылығы 6 есеге, ал күрделі құрылыс 8 есеге артты. Бұл көрсеткіштер оның елдің дамуына жасаған еңбегінің айқын дәлелі.
Халық сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – өз халқының жадында елдік мүддені биік қойған, адалдығы мен іскерлігі үшін құрметтелген бірегей тұлға. Сондықтан да оны ұлықтау, жас ұрпаққа үлгі ету – келешекке аманат.
Қонаевтың өнегелі өмірі мен табанды еңбегі жастарға жол көрсетіп, ұлттың болашағына деген сенім мен үміт ұялатады. Қазіргі Қазақстан оның жасаған істерін ұмытпай, сол жолмен дамып келе жатқанын байқауға болады. Ата-бабаларымыздың ұстанымдарын ұлықтау, олардың мұраларын қадірлеу – жастар үшін маңызды міндет, ал бұл еңбектер ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қалары сөзсіз.
Comments