2025–2026 оқу жылы басталғаннан бастап Шымкент қаласының барлық мектептері маңында оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаратын болады.
Полиция департаменті басшылығының арнайы нұсқауына сәйкес, қызметкерлер оқушылардың таңертең және сабақ аяқталған кезде мектепке келуі мен үйлеріне аман-есен жетуіне барынша жағдай жасайды. Жолдан өту кезінде балаларға бақылау жүргізіп, жүргізушілердің жол ережелерін сақтауы қатаң қадағаланады.
Бұл шаралар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және мектепке барар жолдағы қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге бағытталған
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаевтың сөзінше, шаһардағы 165 мемлекеттік жалпы орта білім беру мектептерінің іргелес аумақтарында орналасқан көшелердегі жаяу жүргіншілер өтпелеріне, аяқ жолдарға, жол белгілеріне, жол таңбаларына, пандустар ұйымдастыруға және тағы басқада іс-шаралар атқаруға зерделеу жұмыстары жүргізілген. Қазір 68 мектептің жол таңбасы, соның ішінде 22 мектептің жол белгілері, жасанды жол кедергілері жаңартылған. Он жайлы мектепке жол белгілері, жасанды жол кедергілері толық жаңадан орнатылыпты. Биыл 1 қыркүйекке дейін 97 мемлекеттік мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өтпелерінің жол таңбалары толық жаңартылып, 30 мектептің «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық белгісі қайта орнатылатыны баян етілді. Яғни барлық мектептің айналасына жылдамдықты 40 км/сағ дейін шектейтін жол белгілері орнатылған.
Сонымен қатар, кешкі уақытта балалардың және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында былтыр 50 жаяу жүргінші өткелі және биыл 154 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін бағдаршамдар, аялдамалар, құдық қақпақтары мен жасанды жол кедергілерін толық орнату жұмыстары жалғаспақ.
Comments