Қоғам

Кентау қаласында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне арналған жиын өтті

Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен кеңейтілген жиын өткізілді. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары А.Байболова, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің маманы, білім бөлімінің басшысы А.Ауелбеков, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ ата-аналар қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына қатысты құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту және жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үйлестіру болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы әлеуметтік мәселелерге де назар аудару қажет, оның ішінде жалған ақпарат пен халықтың бұқаралық санасын манипуляциялауға қарсы іс-қимыл, қаржылық пирамидаларға және интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, лудомания мен қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу аса маңызды. Осы мәселелердің барлығы да жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамда орнықты әлеуметтік ортаны қалыптастыру үшін өзекті болып отыр.

Жалған ақпарат тарату мен халықтың бұқаралық санасын манипуляциялау, қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтықпен күрес, лудомания мен қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу – бүгінгі таңда қоғамымыздың өзекті мәселелеріне айналған тақырыптар.

Бұл сұрақтар тек жеке тұлғалар мен ұйымдарға ғана емес, тұтас қоғамға үлкен қауіп төндіруде. Жалған ақпарат тарату мен халықтың бұқаралық санасын манипуляциялау арқылы жеке мүдделерін көздейтін адамдар мен ұйымдар әлеуметтік дағдарыстар мен қоғамдық қайшылықтарды туғызып, халықтың сенімін жоғалтуға себепкер болады. Сонымен қатар, қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтықтар еліміздің экономикалық ахуалына елеулі қауіп төндіреді, азаматтарды материалдық шығындарға ұшыратып, әлеуметтік тұрақтылықты бұзады.

Лудомания мен қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу – бұл мәселелер де ерекше назар аударуды қажет етеді. Себебі, олар тек әлеуметтік денсаулыққа емес, жалпы халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Бұл проблемалар қоғамда тұрақты психологиялық ахуал мен денсаулықты сақтауға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, оларды шешу үшін кешенді әрі тиімді шаралар қажет.

Осы бағыттағы жиында бөлім басшысы А.Ауелбеков 2024–2025 оқу жылында білім беру ұйымдарында жасөспірімдерге қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, биылғы оқу жылының көрсеткіштері де өткен оқу жылынан төмен болмайтынын жеткізді. Оқу жылын қорытындылау бойынша негізгі мәселелерді айқындап, мектеп басшыларына тапсырмалар берді.
Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, ерте жүктілік, әлімжеттік, төтенше жағдайлардың алдын алу, оқушылардың әлеуметтік желілер арқылы теріс діни ағымдар мен қауіпті сайттарға кіруінің алдын алу, суицид пен зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарсы профилактикалық жұмыстар аясында атқарылған іс-шаралар таныстырылды. Бұл бағытта арнайы ақпараттық жұмыстарды күшейту, жастар арасында ақпараттық қауіпсіздікке назар аудару қажет екенін жиын қатысушылары атап өтті.

Жиында қалалық жасөспірімдер полиция бастығы Ж.Ахметов жазғы демалыс уақытында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмаған балалардың көлік құралдарын басқармауын қадағалау, балалардың түнгі мезгілде ата-анасының рұқсатынсыз жүруіне жол бермеу секілді мәселелер бойынша хабарлама жасап, әр баланың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті. Сонымен қатар, ол қоғамда жалған ақпараттың таралуы мен оның жастарға әсері туралы сөз қозғап, бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі мен оқушылардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтудің маңыздылығын айтты.

Сонымен қатар, жиында сөз алған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің маманы жаз мезгіліндегі суға шомылу қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталып, сынып жетекшілерге оқушылар мен ата-аналар арасында суға шомылу ережелері бойынша түсіндіру сабақтарын өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, суға шомылу тәртібі мен қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігіне де назар аудартанын бейне роликтер ұсынды. Бұл ақпараттық жұмыстарды кеңейту, балалардың қауіпсіздігіне баса мән беру қажет екенін көрсетті.

Жиын соңында қала әкімінің орынбасары А.Байболова мемлекеттік емтихандардың өз деңгейінде өтуін, білім сапасының жоғары болуын ұстаздарға, ал жазғы демалыста оқушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналарға бар күш-жігерді жұмсауға шақырды. Сондай-ақ, ол жасөспірімдер мен олардың ата-аналары үшін түрлі әлеуметтік қауіптерден қорғау шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

 

«Жайлы мектеп» жобасы — орта білім деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама

Алдыңғы

«Тіл – ең асыл құндылық» атты дөңгелек үстел өтті

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *