Бүгінгі жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жасанды интеллект мәселесіне айрықша тоқталды. Әлемде жаңа технологиялар дамып, цифрлық дәуірге қадам басқан шақта жасанды интеллекттің пайдасы да, қауіп-қатері де қатар көрініс беріп отырғаны жасырын емес.
Жасанды интеллект – білім беруде жаңа мүмкіндіктер ашып, ғылымда тың жаңалықтарға жол көрсетіп, өндіріс пен экономиканың тиімділігін арттырып келеді. Медицина саласында сырқатты ерте анықтап, дұрыс ем-дом жасауға көмектесуде. Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін жеңілдетіп, халықтың күнделікті тұрмысын да жақсарта түсуде. Бұлардың барлығы – жасанды интеллекттің қоғамға тигізіп жатқан игілікті әсері.
Дегенмен Президент атап өткендей, бұл жетістіктердің көлеңкелі жағы да жоқ емес. Жасанды интеллектті пайдаланып жасалатын алаяқтық, жалған ақпарат тарату, азаматтардың жеке деректерін ұрлау секілді әрекеттер күннен-күнге артып барады. Бұл тек жеке адамдарға ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіретін құбылыс. Сондықтан бұл бағытта заңнаманы жетілдіру, цифрлық қауіпсіздік жүйесін күшейту – уақыт талабы.
Сонымен қатар жасанды интеллекттің ұрпақ тәрбиесіне әсері де назардан тыс қалмады. Қазіргі балалар мен жастардың мінез-құлқы, өмірге көзқарасы, қарым-қатынас мәдениеті цифрлық орта ықпалымен қалыптасып жатыр. Егер бұл үдерісті дұрыс арнаға бұра алмасақ, виртуалды әлемге тәуелділік, жалған ақпаратқа еліктеу, жеке тұлғалық болмыстың әлсіреуі секілді кері ықпалдар қоғамды алаңдатады.
Осы тұрғыда Президенттің «батыл әрекет ету керек» деген ойы ерекше маңызды. Яғни, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін мемлекет пен қоғам бірлесіп әрекет етуге тиіс. Біріншіден, құқықтық және қауіпсіздік тетіктерін жетілдіру қажет. Екіншіден, балалар мен жастардың цифрлық мәдениетін, медиа сауаттылығын арттыруға күш салу керек. Үшіншіден, білім беру жүйесінде жасанды интеллектті тек құрал ретінде қолданып қана қоймай, оны адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды сақтай отырып қолданудың жолдарын үйрету қажет.
Жасанды интеллект – адамзат өркениетінің жаңа кезеңіне бастайтын қуатты күш.
Comments