Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінде қазақ музыкасының бірегей туындыларын дүниеге әкелген, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырылды.
Бұл мерейтойлық іс-шараға Славян этномәдени бірлестігі, композитордың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова, мемлекет және қоғам қайраткері Оралхан Қожамжаров, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, полковник С. Мещанов, өнер жанашырлары И. Аманқұлов пен Қ.Тұранов, сондай-ақ көпшілік оқырмандар қатысты.
Кеш шымылдығы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Кітапхана қызметкерлері композитордың жастық шағынан бастап, оның қазақ музыкасына сіңірген еңбегіне дейінгі өмір жолын баяндап берді. Шәмшінің авторлығымен жазылған 300-ден астам әннің ішінде «Менің Қазақстаным», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик», «Сүйген қалам – Шымкентім» сынды туындылардың тарихына тоқталды.
Іс-шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, сазгердің ноталық жинақтары, замандастарының естеліктері, сирек фотосуреттері мен баспасөз материалдары қойылды.
Кештің көркін Шымкент қаласының этномәдени бірлестігі «Светоч» хорының орындауындағы Шәмші әндері қыздырды. Халықпен бірге орындалған «Әнім сен едің» және «Қазақ вальсі» сынды әуендер жүректі тербеп, залды ерекше атмосфераға бөледі.
Сөз алған қатысушылар Шәмшінің қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны, оның әндерінің ұрпақтан-ұрпаққа жететін мәңгілік құндылығы жайында жылы лебіздерін білдірді. Кеш соңында жиналғандар ұлы сазгердің рухына тағзым етіп, оның әндерін бірге шырқады. Бұл шара Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына деген құрмет пен сүйіспеншілікті терең сездіріп, оның музыкасының ұлттық мәдениетіміздегі маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді. Әндері біздің жүрегімізде мәңгілік сақталып, келешек ұрпаққа да үлкен рухани мұра болып қалары сөзсіз.
Comments