Жаңалықтар

ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: АЛАЯҚТЫҚ, ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ ЖӘНЕ ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ ТУРАЛЫ

Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 101 қылмыстық іс тіркеліп, оның үшеуі сотқа жолданған. Белсенді тіркелетін қылмыс түрлері қатарында алаяқтық (36 іс), ұрлық (22), есірткінің заңсыз айналымы (11), жол-көлік оқиғаларына қатысты (10) және тонау істері бар.
Алаяқтық фактілерінің басым бөлігі интернет арқылы жасалуда — жалпы 36 істің 26-сы интернет-алаяқтыққа қатысты. Алаяқтықтың кең таралған тәсілдеріне:
• интернеттегі тауарлық жарнамалар арқылы жасалатын әрекеттер (13 жағдай);
• өздерін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып жалған қоңырау шалу (9 жағдай);
• онлайн несие рәсімдеуге итермелеу (3 жағдай);
• инвестицияға шақыру арқылы сенімге кіру (1 жағдай) жатады.
Мысалы, өткен аптада «М» есімді азаматшаға өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, оның шотынан несие рәсімделгенін айтып, 2 500 000 теңге көлеміндегі қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Қазір бұл факт бойынша тергеу жүріп жатыр.
Мұндай жағдайлардың жиілеп кетуіне байланысты тұрғындарға белгісіз адамдардан түскен қаржылық сипаттағы қоңырауларға абай болу, сондай-ақ күмән туындаған жағдайда 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.
Жастар арасындағы есірткі заттарының заңсыз айналымы да алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Интернет-дүкендер мен мессенджерлер арқылы есірткіге қолжетімділік артып, бұл қоғам үшін өзекті мәселеге айналуда. Мемлекет тарапынан жастарды заңды жұмысқа тартуға, білім, спорт және кәсіпкерлік салаларында қолдау көрсетуге бағытталған шаралар қарастырылып жатыр.
Тіркелген құқықбұзушылықтарға қатысты ұсталғандардың дені – 18 бен 30 жас аралығындағы азаматтар (7 адам), ал 30-60 жас аралығында – 4 адам болған. Барлығының да жұмыссыз екені анықталған.
Жол-көлік оқиғаларына қатысты 10 іс тіркелді. Негізгі себептер қатарында:
• көлік жүргізу кезінде ұялы телефонға алаңдау;
• жылдамдықты арттыру;
• жаяу жүргіншілердің жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуі;
• кәмелетке толмағандардың самокат, скутерлерді жол ережесін сақтамай басқаруы;
• мас күйінде көлік жүргізу жағдайлары тіркеліп отыр.
Осыған байланысты жол қозғалысы қатысушыларынан сақтық пен тәртіпті сақтау талап етіледі.
Мектеп жасындағы балалардың жеке заттарының ұрлануы, әсіресе ұялы телефондар, жиілеп келеді. Соңғы аптада орын алған оқиғаның бірінде ойын алаңында жүрген 5-сынып оқушысының телефоны белгісіз адам тарапынан ұрланған.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарға балаларына бағасы жоғары телефондарды мектепке немесе қоғамдық орындарға бермеу ұсынылады.
Қаладағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру – ортақ міндет. Құқық қорғау органдары бұл бағытта жұмыстарды жалғастырып келеді. Ал тұрғындарға өз қауіпсіздігіне мұқият қарап, күмәнді әрекеттерге жол бермеу – өз қолында.

ШАҒЫН БИЗНЕСКЕ ЖАҢА СЕРПІН: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ РЕТ СПОРТТЫҚ АТУДАН XVI АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *