Шымкенттің көрікті жерлерінде жаздың жайма-шуақ кештерін әсем әуен мен өнердің өрнегі безендіруде. Ашық аспан астында өтіп жатқан «Шымқала кештері» атты концерттік іс-шаралар апта сайын қала халқын қуанышқа бөлеп келеді.
Кешкі самалмен бірге тараған әуен, сахнадағы түрлі өнер ұжымдары мен шығармашылық топтардың өнері көрермен көңілін көтеріп, ерекше әсер қалдырады. Ән мен күй, поэзия мен би тоғысқан бұл мәдени басқосулар шымкенттіктердің жазғы кешін шырайландыра түсті.
Ал, Шым сити саябағында қалалық опера және балет театрының әртістері ашық аспан астында көрерменге классикалық туындыларды тарту етті. Кешкі самалмен астасқан нәзік әуен мен би қимылдары көрерменді өнердің сиқырлы әлеміне жетеледі.
-Мұндай кештер күнделікті күйбең тіршіліктен алыстатып, рухани серпіліс сыйлайды. Балаларыммен бірге келіп, таза ауада, әуен тыңдап, театр тамашалау – үлкен ғанибет. Барлық өнерпаздарға алғысымыз шексіз, — дейді қала тұрғыны Ақерке Сәрсен. Ал тағы бір көрермендердің бірі бұл мәдени жоба қаланың ажарын ашып, шырайын келтіріп жүргенін, жұртты бірлікке ұйыстыратынын атап өтті.
«Шымқала кештері» – қаланың мәдени тынысын айқындайтын, өнер мен көрерменді жақындататын дәстүрлі мерекеге айналып келеді.
Comments