Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті 2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша еңбек заңнамасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты бірнеше маңызды мәселелерді көтеріп отыр. Қаланың жұмыс орындарында жалақы берешегі, еңбек даулары, жазатайым оқиғалар мен тексерулер нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар және қайғылы оқиғалар күн тәртібінен түскен емес. Осы және басқа да өзекті мәселелер туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Мақұлбаев Жеңіс Тілләбайұлы баяндады.
Жалпы жыл басынан бері еңбек инспекциясы 222 тексеру жүргізіп, 162 заңбұзушылықты анықтаған. Тексерулердің нәтижесі бойынша бірқатар кәсіпорындарда еңбек шарттары мен қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталды. Оның ішінде:
-
140 бұзушылық толық жойылған,
-
16 – қаралу сатысында,
-
6 – сот орындаушыларының өндірісінде.
Нәтижесінде 59 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 12,8 млн теңге айыппұл салынған. Айыппұлдың 8,6 млн теңгесі мемлекет бюджетіне өндірілген, қалған 4,2 млн теңге әлі төленбеген күйде тұр.
Еңбек инспекциясы барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеулер жүргізіп, нәтижелерін құқық қорғау органдарына жолдаған. 2 іс сотқа жіберілген, 3 іс өндірістен тоқтатылған, қалғаны тергеу барысында. Бұл жағдайлар өндірістегі қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді қажет ететінін көрсетеді.
Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі бойынша семинарлар, түсіндіру жұмыстары және алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде. Бұл шаралар жұмысшылардың құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін көрсетеді.
Өндірістегі жарақаттардың артуы мен жалақы берешегінің шешілмей отырғаны жүйелі мәселелердің бар екенін және еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттігін айқындайды. Осыған орай, Департамент қолданыстағы заңнамаға еңбек қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жолдады.
Еңбек адамы – ел тірегі десек, оның қауіпсіздігі мен әділ еңбекақысы мемлекеттің ең басты назарында болуы тиіс. Осыған орай, еңбек қорғау мәселелеріне тиісті жауапкершілікпен қарау маңызды болып қала береді.
Comments