Шымкенттің демалыс орындары мен саябақтарында аптадағы дәстүр бойынша «Шымқала кештері» атты ашық аспан астындағы мәдени кеш ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жолы да шығармашылықпен көмкерілген ерекше кештің куәсі болды.
«Шым сити» саябағында ұйымдастырылған кеште «Шымкент цирк оркестрі» өнер көрсетті. Жанды музыка, көңілді ритм мен балаларға арналған әсерлі композициялар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ашық алаңдағы оркестр ойыны – қала тұрғындары үшін нағыз музыкалық мерекеге айналды.
Ал «Спутник» скверінде көрермендерге Шымкент қалалық орыс драма театрының актерлері ерекше кеш тарту етті. Көңілді қойылымдар мен сахналық көріністер көрермендердің көңілінен шығып, кештің шырайын келтірді.
Кешке арнайы келген қала тұрғыны Гүлсезім Темірханқызы әсерін жасырмады.
– Кешке інілеріммен бірге келдік. Әуен де, атмосфера да өте жылы. Балалар мәз. Осындай кештер аптасына бір рет өтіп тұратыны керемет. Бастысы әр кеште әр түрлі өнер жұлдыздары концерттік бағдарлама ұсынады, – дейді ол.
«Шымқала кештері» – күнделікті қарбалас тірліктен сәл де болса сергіп, отбасымен уақыт өткізуге таптырмас мүмкіндік. Қала тұрғындарының осындай кештерді асыға күтетінін ескерсек, мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім бар.
Сонымен қатар, бұл шаралар қала тұрғындарына мәдениет пен өнерге деген қызығушылықты арттырып, жастарды шығармашылыққа баулуға ықпал етуде. Мұндай кештерді ұйымдастыру арқылы Шымкенттің мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа серпін беруге болады.
Қала әкімдігі мұндай мәдени жобаларды одан әрі қолдап, оның аясын кеңейтуге ниетті. Алдағы уақытта «Шымқала кештері» өз ауқымын арттырып, түрлі жанрларда ұйымдастырылып, қала тұрғындарының көңілін көтеретін болады.
Мұндай мәдени шаралар тек демалыс орны болып қана қоймай, қала өмірін жарқын әрі түрлі-түсті етеді. Әр кеште ұсынылатын өнер түрлері көрермендерді таңқалдырып, жаңа шығармашылық серпіліс тудырады.
Ал болашақта осы бастама арқылы Шымкенттің мәдени имиджі одан әрі нығая түседі, бұл өз кезегінде қаланың туристік тартымдылығын арттырады. Келешекте осындай кештер қала аумағында ғана емес, көршілес аймақтарда да өткізілуі мүмкін.
Шымкентте «Шымқала кештері» жалғасын тапты

Comments