Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді. Соның ішінде БАҚ өкілдері тарапынан Білім басқармасына қарасты мектептерге енгізілгелі жатқан аппараттық-бағдарламалық кешен жұмысы туралы сауалға тоқталды. Ресми өкіл жаңа жүйенің бірнеше артықшылығын атап өтіп, жоба туралы толыққанды ақпарат берді.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, биыл Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты мектептерге заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталады. Бұл кешен – білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында қолға алынған ауқымды жоба.
«Жүйені енгізу барысында әр мектептің интернет желісін пайдалану көрсеткіштері жан-жақты зерттеліп, сарапталды. Бұған дейін мектептерде 150 мбит/сек интернет жылдамдығы қарастырылған болатын. Оның 20 мбит/сек дабыл нүктесіне, 30 мбит/сек бейнебақылау жүйесіне, ал 100 мбит/сек оқу процесіне бөлінген еді. Алайда, сараптама нәтижесінде кейбір мектептерде бар-жоғы 20 мбит/сек қосылып отырғаны анықталды. Жүйенің басты артықшылықтарының бірі – интернет жылдамдығының тұрақты мониторингі. Егер жылдамдық төмендеген жағдайда, мамандар мәселенің себебін жедел анықтап, шешім қабылдайтын болады»,- деді С.Құранбек.
Әкім орынбасары бұған қоса, жоба аясында барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктірілетінін, бұған дейін желіні бір компания, бейнебақылау құрылғыларын басқа компания орнатқан болса, енді барлық жүйе өзара үйлесімді жұмыс істейтінін айтты. Бұл жаңашылдық білім беру мекемелерінің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, оқу ордаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады. Сонымен қатар, жүйенің өзара үйлесімді жұмысы оқу процесінің тиімділігін арттырып, интернет жылдамдығы мен басқа да қызметтердің сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында орнатылатын кешендер білім беру мекемелерінің сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, қауіпсіздікті күшейтеді. Бұл бастама оқу орындарында жүйелі бақылауды қамтамасыз етіп, оқу үдерісін тиімді әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Comments