Шымкент қаласында 2025 жылы 770 жұмыссыз азаматты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту көзделіп отыр. Бұл шара Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тиісті бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған бағдарлама жұмыссыз азаматтарға жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік бере отырып, еңбек нарығында қажетті дағдыларды дамытуға жағдай жасайды.
Бағдарлама аясында 610 азамат білім беру ұйымдарында оқудан өтсе, 160 азамат жұмыс берушілердің өндірістік базасында даярлықтан өтеді. Өндірістік оқыту кәсіптік шеберлікті жоғары деңгейде игеруге мүмкіндік береді және жұмысқа орналастыру процесін жылдамдатады. Оқу кезеңінде тыңдаушыларға төмендегі мөлшерде шәкіртақы төленеді:
• білім беру ұйымдарында оқитындарға – 43 574 теңге;
• өндірістік базада оқитындарға – 78 640 теңге.
Бұл қаржылық қолдау оқушылардың оқуға толықтай назар аударуына мүмкіндік береді және оқудың соңына дейін ынталандырады. Кәсіптік оқыту келесі салалар бойынша жүргізіледі: стилист-шаштараз, визажист, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, тәрбиеші көмекшісі, тігінші-пішуші, автомеханик, слесарь-сантехник, электрогазбен дәнекерлеуші, электрик, киім дизайнері, кестелеуші. Бұл мамандықтар қазіргі еңбек нарығында өте жоғары сұранысқа ие, әрі қысқа мерзімде игеруге мүмкіндік береді.
Жаңа кәсіп игеруге ниетті азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық мансап орталығына барып, «жұмыссыз» мәртебесін алуы қажет. Бұл мәртебе алғаннан кейін, азаматтар оқуға қатысуға өтінім бере алады, ол өз кезегінде жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік туғызады.
Аудандық мансап орталықтарының мекенжайлары:
• Абай ауданы – Арғынбеков көшесі, 243/3
• Еңбекші ауданы – Астана шағынауданы, 106
• Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов көшесі, 201
• Қаратау ауданы – Бәйтереков көшесі, 89
• Тұран ауданы – Қазыбек би көшесі, 50
Бұл жоба қаланың жұмыссыз азаматтарын кәсіптік біліммен қамтамасыз ету арқылы олардың өмір сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға бағытталған.
Comments