Абай ауданының Тарбағатай көшесінде жол жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыс қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындармен өткізген көшпелі кездесуінде айтылған ұсыныс негізінде қолға алынды. Ұзындығы 760 метрді, ал ені 6 метрді құрайтын көше бойына асфальт жабындысы төселіп жатыр. Жөндеу жұмыстары тұрғындардың сұранысы бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта мердігер мекеме жұмыс кестесіне сәйкес жол негізін тегістеу және асфальттау жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу барысында сапаға ерекше мән беріліп, техникалық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілген.
Аталған шара – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қала тұрғындарының өтініштеріне жауап ретінде іске асырылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі. Қала әкімдігі алдағы уақытта да инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындар өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Сонымен бірге, Шымкент қаласының Қарабастау тұрғын алабында заңсыз тұрғызылған және қараусыз қалған құрылыс нысаны сүріліп, орнына балаларға арналған ойын және воркаут алаңшасы салынды. Аталған мәселе қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қарабастау тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесуінде көтерілген болатын. Кездесу барысында Қамбарұлы көшесінің бойында балалар алаңын орнату жөнінде ұсыныс айтылып, қала басшысы жауапты мекемелерге мәселені зерттеп, оң шешу бойынша тапсырма берген еді.
Бұл жұмыстар қоғамдық қауіпсіздік пен жайлылықты арттыруға бағытталған. Алаңшаны салу кезінде заманауи қауіпсіздік стандарттары мен экологиялық талаптар ескерілді. Аумағы абаттандырылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды.
Қазіргі уақытта тапсырма негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Бұл алаңша балалардың қауіпсіз және белсенді демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жергілікті тұрғындар көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, қала әкімінің бастамаларына оң баға беруде.
Қала әкімдігі алдағы уақытта да қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жалғастыра бермек.
Comments