ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

Әл-Фараби ауданы – инфрақұрылымы қарқынды дамып жатқан аймақтардың бірі

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы – мегаполистегі тарихи және стратегиялық маңызы зор аумақтардың бірі. Қазіргі таңда бұл ауданда халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымдық жағдайды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Аудан аумағында жалпы ұзындығы 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғылдар мен өткелдер бар. Бұл көшелер қала тұрғындарының күнделікті қатынасын қамтамасыз етіп, әлеуметтік және экономикалық белсенділіктің артуына тікелей әсер етеді. Осы көшелердің 365-і асфальт төселген жолдар болса, қалған 25 көше тас жол күйінде сақталған. Мұның өзі аудан әкімдігі тарапынан жол сапасына деген көңілдің жоғары екенін көрсетеді.

Биылғы жылы жол инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасау үшін 25 көшеге жаңадан асфальт төселмек. Бұл жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылып, жолдардың сапалы әрі ұзақ мерзімге шыдас беретіндей етіп жасалуы басты назарда тұр. Қазіргі заман талабына сай бұл процестер сапалы материалдарды пайдалану және заманауи технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, тұрғын үй кешендері аумағындағы жағдай да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, қала тұрғындарының өтініш-тілектерін ескере отырып, биыл аудан аумағындағы 344 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында орналасқан ішкі асфальт жолдар да жөнделетін болады. Бұл өз кезегінде балалардың қауіпсіз ойнауына, тұрғындардың көліктерін тұраққа қоюына және жалпы тұрғын жайдың көркіне оң әсер ететіні сөзсіз.

Жарықтандыру – қалалық инфрақұрылымның тағы бір маңызды бөлігі. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 390 көшенің 314-і жарықтандырылған. Бұл – шамамен 80 пайыздық көрсеткіш. Алайда бұл көрсеткішпен шектелмей, жергілікті әкімдік биылғы жылы 76 көшеге жарық шамдары мен бағаналар орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар толығымен аяқталған соң, жыл соңына дейін аудан көшелерінің барлығы, яғни 100 пайызы жарықтандырылып, түнгі уақыттағы тұрғындардың қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етіледі.

Жалпы, Әл-Фараби ауданында қолға алынып жатқан бұл бастамалар – қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі және кешенді жұмыстардың бір бөлігі ғана. Аудан әкімдігі тарапынан халықпен кері байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен талап-тілектеріне нақты жауап беру арқылы осындай оң нәтижелерге қол жеткізіліп отыр.

Шымкент гарнизонында әскери техниканы теміржол көлігімен тасымалдау бойынша кешенді сабақтар өтті

Алдыңғы

«Мерейлі отбасы-2025»: Шымкентте қалалық комиссия отырысы өтті

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *