Шымкент қаласындағы Қаратау ауданында инфрақұрылымды дамыту мен халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев бізге жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарлары туралы айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, аудан 19 500 гектар аумақты алып жатыр және онда 223 мыңнан астам тұрғын бар. Қаратаудың құрамына 18 елді мекен мен шағын аудан, 896 көше, шамамен 30 мың жеке тұрғын үй және 600-ден астам көпқабатты тұрғын үй кіреді. Аудан әкімі атап өткендей, 2025 жылы инфрақұрылымды жетілдіру және жайлы ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп отыр екен.
Биыл жолдарды жөндеу және жаңарту, аулаларды және қоғамдық аумақтарды абаттандыру, көше жарығын жақсарту, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жоспарланған. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және бос уақытты сапалы өткізуге мүмкіндік береді.
Ауданның инженерлік коммуникациялармен қамтылу деңгейі жоғары деңгейде. Бүгінде халықтың 99 пайызы ауызсумен, 100 пайызы электр қуатымен, ал 98 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл Қаратау ауданының сенімді түрде ілгерілеп келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Мұндай серпін жергілікті биліктің жүйелі жұмысын және аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта құруға ұмтылысын айғақтайды.
– Ауданның кешенді дамуы мен тұрғындар үшін жайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі уақытта инфрақұрылымдық жобалар үш негізгі бағыт бойынша белсенді жүзеге асырылуда: сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, тұрақты электрмен жабдықтау және табиғи газбен қамту. Ауызсумен қамтамасыз ету саласында жаңа тұрғын массивтерді орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосуға бағытталған жұмыстар сәтті жүргізілуде. Атап айтқанда, Тұран шағынауданында гидрогеологиялық аймақты қоса алғанда жаңа аумақтарды қосу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабында ескі су құбырлары желілері белсенді түрде жаңартылып, бұл жергілікті тұрғындар үшін сумен қамтамасыз ету сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Электрмен жабдықтау саласында да елеулі ілгерілеушілік байқалады. Тұран және Сайрам шағынаудандарындағы жаңа құрылыс аудандары заманауи электрмен жабдықтау жүйесіне қосылып, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілуде. Алтын Орда шағынауданында жаңа абоненттер қосылып жатса, Сайрамда ескірген электр желілерін ауқымды түрде ауыстыру жұмыстары жүргізілуде, бұл өз кезегінде энергиямен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырады, – дейді Алмас Абаев.
Сонымен қатар, ауданды газбен қамтамасыз етілуі де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс барлық тұрғын аймақтарды толық қамтуға бағытталған. Қайтпас шағынауданында жұмыстар аяқталып, тұрғындар толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал Тассай тұрғын алабы мен Тұран шағынауданының жаңа құрылыс аймағында газ құбырларын тарту жұмыстары жалғасуда. Аудан әкімдігінің жоспарына сәйкес, алдағы уақытта Тассай, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас сияқты елді мекендерді газбен қамту көзделіп отыр. Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін аудан заманауи инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылады.
Қарқынды дамып жатқан қалалар жағдайында абаттандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және жайлы орта қалыптастыру мәселелері — жергілікті басқару саясатының басты бағыттарына айналуда. Аудан әкімі атап өткендей, қолға алынған шаралар әлеуметтік нысандардың құрылысын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, көгалдандыруды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және ортаның экологиялық тұрақтылығын арттыруды қамтиды.
Сонымен қатар, балалар мен спорт инфрақұрылымын дамыту да басты басымдықтардың бірі болып қала бермек. «Биылғы жылы ауданда 27 заманауи балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Қазіргі кезде төрт нысанда құрылыс жұмыстары аяқталып, олар тұрғындардың игілігіне берілген. Қалған 23 алаңда құрылыс жұмыстары барлық техникалық стандарттар мен қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып қарқынды жүргізілуде» – деп атап өтті аудан әкімі.
Сондай-ақ, ауданды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жылдық жоспар аясында үш жаңа спорттық алаңның құрылысы толық аяқталды. Бұл нысандар жастар мен ересектер үшін тартымды орынға айналып, салауатты өмір салтын насихаттауға, қалалық спорт мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындар арасындағы әлеуметтік байланыстарды нығайтуға ықпал етуде. Сонымен бірге, бұл спорт мекемелеріне түсетін жүктемені азайтып, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігі жайлы ортаны қалыптастыру және көгалдандыру мәселелеріне де ерекше назар аударып отыр. Қазіргі урбанистік жағдайда скверлер мен саябақтар эстетикалық қана емес, сонымен бірге ауаны табиғи сүзгіден өткізетін және тұрғындар үшін тынығатын орын. Қазірдің өзінде ауданда екі саябақ пен 23 сквер жұмыс істейді. Жыл соңына дейін ауданның әртүрлі бөліктерінде, атап айтқанда, Алтын Орда, Тұран, Сайрам, Нұртас, Астана, Тұран-2, Нұрсәт, Шапырашты, Өтеміс және Таскен шағынаудандарында тағы 12 сквер салу жоспарланған.
Тағы бір маңызды бағыт – көшелерді жарықтандыру. Ауданда 896 көше бар, олардың 545-інде сыртқы жарықтандыру жүйелері орнатылған. 2025 жылы тағы 351 көшеге жарық тарту жоспарланған, оның ішінде алғашқы төрт айда 239 көше жарықпен қамтылды. Қалған 112 көшеде жұмыстар профильдік қызметтердің қатысуымен жоспарлы түрде жүріп жатыр екен. Жыл соңына дейін көшелер жарықпен 100 пайыз қамтылады деп күтілуде. Бұл – қауіпсіздікті арттыру, көше қылмысын азайту және қараңғы уақытта көлік қозғалысының қолжетімділігін жақсартудағы маңызды қадам ретінде қарастырылуда.
Жол құрылысы саласында да ауқымды өзгерістер болып жатыр. Ауданның жалпы көше желісінің ұзындығы – 670,2 шақырым, оның 486 шақырымы асфальтталған, ал 184 шақырым жолда қиыршық тас төселген. Биылғы жылы 138 көшені асфальттау жоспарланған. Оның ішінде 39 көшеде жұмыстар аяқталса, қалған 99 көшеде жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, Ю. Сареми көшесі мен Алматинская айналма жолы сияқты маңызды көлік жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, негізгі жолдармен қатар тротуарлар да салынып жатыр. 2025 жылы ауданға кіретін жеті елді мекенде жалпы ұзындығы 31,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргінші жолдарын төсеу жұмыстары басталды.
– Көктемгі тасқындар мен қатты жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу мақсатында ауданда ирригациялық жүйелер салынуда. Биыл 16 ирригациялық нысан салу жоспарланған, оның бесеуі аяқталған, ал қалған 11 учаскеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыт — қалалық инфрақұрылымның тұрақтылығын, тұрғын үйлер мен көлік жолдарының сақталуын қамтамасыз етудегі стратегиялық мәнге ие, – дейді Алмас Емелтайұлы.
2025 жылдың алғашқы айларының қорытындысын түйіндей келе, ауданның басқарылуы, инвестициялық белсенділігі және стратегиялық жоспарлауы жоғары деңгейде екенін сеніммен айтуға болады. Халықтың нақты қажеттіліктеріне негізделген жұмыстар қысқа мерзім ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар техникалық сипатта ғана емес, сонымен қатар мыңдаған қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етуде.
ҚАРАТАУДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ЖҮРІП ЖАТЫР

Comments