ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

АДАЛ ҚАЛАМ МЕН АРЛЫ ЖОЛДЫ ТАҢДАДЫМ 

Шымкенттен батысқа қарай 45 шақырым қашықтықта қасиет дарып, кие қонған Ордабасы тауы созылып жатыр. Бұл жер – қазақ елінің тағдыры таразыланған, тұтас ұлт болып бірігудің бастауында тұрған мекен. Ел басына күн туған 1726 жылы дәл осы Ордабасыда үш жүздің басы қосылып, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ел тағдырын шешкен тарихи құрылтай өткізген. Бұл – тарих парағында алтын әріппен жазылған елдік сәт.

Одан кейін де Ордабасы төрінде тарихи оқиғалар жалғасты. 1993 жылы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері бас қосқан екінші үлкен құрылтай өтті. Бұл оқиға елдің береке-бірлігін паш етіп, халық санасына жаңа рух берген ерекше жиын болды. Қуанышты сол тойда мен де болдым. Қазақтың қайраткер тұлғаларының талайының жүзін көріп, парасатты сөздерін тыңдадым. Бұл – мен үшін де, менің ұрпағым үшін де ұмытылмас мақтаныш.

Ордабасы – менің туған жерім. Осы қасиетті өлкенің топырағында ойнап өстім, қозы-лақ бақтым, гүлін тердім, көбелегін қудым. Осылай ұмытылмас балалық, жастық шақтарым өтті. Кейін Алматыдай арман қаладағы ҚазМу-дің журналистика факультетінде білім алып, туған жерге оралып, еңбек жолымды аудандық «Ордабасы оттары» газетінде жалғастырдым. Қалам ұстаған сәттен бастап, журналистиканың ащысы мен тұщысын бақ қонған ұжыммен бірге татып, бұл мамандықтың оңай еместігін, бірақ маңыздылығын жан-тәніммен сезіндім.

Иә, журналист болу – үлкен жауапкершілік. Басқа жұрт мейрамда думандатып жүргенде, біз жиынның мазмұнын қағазға түсіріп отыратынбыз. Қалам иесі үшін бір мақаланың артында қаншама ізденіс, талпыныс, адал еңбек тұратынын қолына қалам ұстаған әріптестерім жақсы біледі. «Көтергені – алтын, жегені – жантақ» десек те, журналист болу – арлы мамандық, елге қызмет етудің ең абзал жолы.

Сол жылдары ауданымызда талай қарымды қаламгерлер еңбек етті. «Ордабасы оттарының» тізгінін ұзақ жыл ақын Нармахан Бегалыұлы ұстады. Белгілі журналистер Слам Нұрмаханбет, Тұңғышбай Төрегелдиев, Сабыр Әлібеков, Шахаризада Дәнеева, Бердуәлі Тұрмағанбетов, Гүлжан Әбілдаева, Дидар Бегалиев, Әсет Әссанди, Ғалымжан Мелдеш, Зүпәр Мүсілімов, Батырбек Салиев сынды саңлақтар ауданның тыныс-тіршілігін шынайы көрсете білді. Олардың қай-қайсысының да материалдарын оқырман іздеп жүріп оқитын.

Өмірзақ Тасболатов, Ильичбек Мұртазаев әр нөмір сайын мақтаулы еңбек ерлері мен адал қызметкерлердің суретімен оның көркем шығарылуына барынша үлес қосып жататын. Ал Жұбай Мұртазаева, Айгүл Баетова, Гүлайна Өтеева ұзақ жылдар бойы газеттің қатесіз шығуына көп үлес қосты.

Бүгінде бұл игі дәстүр үзілген жоқ. Басылымды Ғалымжан Зиябек басқарып, редакцияда Нұридін Шәмшіұлы, Гүлмира Елбасиева секілді білімді де білікті әріптестер еңбек етуде. Олар – журналистикаға адал, елге шынайы қызмет етіп жүрген жандар.

18 жыл шыққан республикалық «Шұғыла» газетінің бір беті ордабасылықтардың тынысына арналатын. Бұл туған жермен, оның еңбек адамдарымен байланыстың үзілмегенін көрсетеді. Қазір «Muzbalaq.kz» сайтының бетінен де менің жерлестерімнің тіршілік-тынысы күнделікті көрініс табады.

.Журналист – қоғамның айнасы. Ол халықтың мұңын билікке, биліктің шешімін елге жеткізетін алтын көпір. Ақиқатты айтып, әділетті қорғап, елдік рухты оятатын да осы қалам иелері. Журналистің әр сөзі – ел жүрегінің лүпілі, сана түкпіріндегі үміттің үні. Сондықтан да бұл мамандықты таңдаған жан шаршамауы керек, қайта шабыттануы керек.

Журналистика саласында 45 жылдан аса еңбек еткенде байқағаным —

шындықты жазу – ерлік, ал соны қорғай білу – азаматтық екенін түсіндім.

Бұл мамандық маған атақ емес, аманат арқалатты. Сөз арқылы елге қызмет етудің жауапкершілігін сезіндім. Журналистика менің өмірлік жолым, рухани серігіме айналды.

Қадірлі әріптестер!

Биыл «Социалистік жол» атауымен алғаш жарық көріп, бүгінде «Ордабасы оттары» болып шығып жатқан қасиетті басылымның 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қаламдарыңыз ұшқыр, абыройларыңыз асқақ болсын! Бұл басылым өңір тарихы да, осында қызмет еткен қаламгерлер тағдыры да. Бәрімізді басылымның жүзжылдығына жетелей берсін!

Базаркүл ҚАЛБЫР,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРЕТІН ЖАҢА НЫСАНДАРДЫҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ

Алдыңғы

Ақмола облысында мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысындағы бұзушылықтар анықталды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *