Сайрам ауданының әкімі А.Сабитовтың төрағалығымен Сайрам ауданы әкімдігі құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысында 3 мәселе қаралды.
Алғаш «Отбасын қолдау орталығы» КММ басшысы Ж.Утегенов орталықтың басты бағыттары мен атқарылған іс-шаралар жайлы баяндады. Мекеме басшысының мәліметінше, қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсету үшін арнайы мобильді топ құрылып, оған 216 маман жұмылдырылған. Ал, «FSM Social» жүйесіне 238 адам тіркеліп, жалпы саны 54 іс-шара ұйымдастырылған. Жұмыстардың нәтижесінде Д және Е санатындағы отбасылар саны 13,4%-ға қысқарған. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық жанжалдарды шешу, кибербуллинг пен ерте жүктіліктің алдын алу мәселелеріне баса назар аударылуда. Аудан әкімінің тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жүйелі түрде жалғасатын болады.
Жиында аудан аумағында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қолға алынған шаралар жайында аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Р.Ендібаев баяндады. Ауданда қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға азайған. Басқарма тарапынан қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін «нөлдік төзімділік» қағидаты негізінде 9 950 әкімшілік хаттама толтырылып, тәртіп бұзушыларға тиісті шаралар қолданылған.
Алайда, аудан басшысы құқық бұзушылықтарды азайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесінің жоқ екендігін сынға алды. Сондықтан да, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын әлі де жандандыру керектігін қадап айтты. Аудан басшысы жауапты органдарға тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күн тәртібінен түсірмеуді тапсырды.
Отырыс соңында Арман Сабитов комиссия мүшелерін белсенді болуға үндеп, қоғамдағы кез-келген өзекті маселелерге бей-жай қарамауға шақырды.
Comments