Бүгін Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев аудандық Полиция бөліміне арнайы барып, жиын өткізді. Жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі мәселелері және аудандық әлеуметтік-экономикалық индикаторлардың Полиция қызметіне қатысты көрсеткіштері қаралды.
Жалпы ауданымызда облыс әкімдігімен бекітілген 82 индикаторлық көрсеткіш болатын болса, соның 6-ы аудандық Полиция бөліміне қатысты.
Ол жерде, жасөспірімдерге қарсы және жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу сынды бағыттар бар.
Жалпы жыл басынан бері аудан аумағында 37 жол көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке орай ішінде қайғылы жағдайларда орын алған.
Аталған басқосуда, ауданымыздың бас полицейі Бекарыс Сұлтанов және оның орынбасарлары және аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қалымжан Егембердиев негізгі көрсеткіштер бойынша баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Жиынды түйіндеген Асқар Сұлтанұлы, тұрғындарымыздың қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін ескертіп, қылмыстың алдын алуға бағытталған шараларды күшейту, профилактикалық жұмыстарды жандандыру, жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында жол белгілерін түгендеу және т.б. маңызды жұмыстарды атқаруды тиісті мекеме басшыларына тапсырып, біздің міндет – тек көрсеткішті ғана емес, құқық бұзушылықты тұрақты түрде төмендету деді.
Айта кетерлік, биыл құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, аудан әкімдігі тарапынан халық көп шоғырланатын жерлерге 40-қа жуық заманауи бейне бақылау камералары және облыстық Полиция департаменті тарапынан оңтүстігіміздің шығыс қақпасы саналатын республикалық маңызы бар А-2 автомобиль жолында бекет орналастыру және аудан орталығына екі полиция пункті түсетін болады.
Comments