Бүгін Қаратал ауданында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында аудан жұмыс берушілерінің сұранысын қанағаттандыру және жастарды еңбекке баулу мақсатында маңызды іс-шара өтті. Қаратал ауданы әкімдігінің «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен Бастөбе сервистік-техникалық колледжінде еркін форматтағы «Адал еңбек – Адал табыс» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкеге 5 жұмыс беруші кәсіпорын мен 40-қа жуық колледж түлегі қатысып, түрлі салалар бойынша ұсынылған бос жұмыс орындарына жолдама алды. Ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы кәсіпорындар тарапынан нақты ұсыныстар жасалып, жастарға еңбек нарығына сенімді қадам жасауға мүмкіндік берілді.
Жиын барысында «Мансап» орталығының директоры Ашықбаев Дархан Тлеуқабақұлы:
«Орыстың ұлы педагогы Константин Ушинский: “Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді” – деген еді. Шынымен де, бүгінгі жәрмеңкеге келген әрбір жас өз бағытын тауып, болашақ еңбек жолын дұрыс бағдарлай алса – бұл шара өз нәтижесін берді деген сөз» – деп атап өтті.
Бүгінгі бастама тек жұмыс ұсыну емес, еңбекке деген құрметті арттыру, жастардың өзіне сенімділігін нығайту және саналы еңбекпен адал табысқа жету жолын көрсету болды. Әрбір түлек үшін бұл – жаңа өмірге жасалған алғашқы қадам, ал жұмыс беруші үшін – болашақ кадрлармен жүздескен маңызды күн.
Қобланды АБЕНОВ
Comments