Ордабасы ауданында жастар мен жасөспірімдердің нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бір айлық іс-шаралар легі басталды.
Ауқымды шараның ашылуы аудандық мәдениет үйінде өтіп, оған аудан жастары, білім бөліміне қарасты мектеп мұғалімдері мен жас мамандары, медицина қызметкерлері, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, мекеме қызметкерлері, спортшылар және түрлі сала өкілдері қатысты. Шара «Нашақорлық пен синтетикалық есірткіге жол жоқ!» ұранымен өтті.
Іс-шара барысында аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Руслан Мейірбеков сөз сөйлеп, бүгінгі күннің маңызы мен нашақорлыққа қарсы күрестің өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар, арнайы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.
Аудан өнерпаздары есірткіге қарсы тақырыпта тағылымды көріністер қойып, патриоттық әндер орындады. Мәдениет үйінің алдында ақпараттық парақшалар таратылып, тұрғындарға медициналық кеңес беру қызметтері көрсетілді. Есірткіге қарсы қоғамның бірлескен күресін нығайтуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына үндеу жасалды.
Іс-шаралар бір ай бойы аудан көлемінде жалғасын табатын болады. Ауданға қарасты 10 ауыл округтерінде спорттық іс шаралар өткізіліп, қорытындысы 26-маусымда Темірлан ауылы, Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткізіледі.
Сондай-ақ аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан нашақорлыққа қатысты бейнефильмдер көрсетіледі. Лекциялар, спорт ардагерлерімен және атақты спортшыларымен кездесу, шеберлік сағаты, эссе жазу байқауы, челлендждер ұйымдастыралады. Ақпараттық парақшалар таратылады, Жасөспірімдер тарихи орындар мен мәдениет нысандарына саяхаттайды.
Comments