Төлеби аудандық Жастар орталығы ғимаратында аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Интернет-алаяқтық: сақтан, сенбе, қорған» атты ауқымды ақпараттық форум өтті.
Форум — заманауи цифрлық кеңістіктегі қылмыстардың алдын алуға, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, аудан прокурорының орынбасары Ермек Шүнеев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, IT-сарапшылары мен қаржы секторы мамандары қатысты.
Олар нақты деректер келтіріп, әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар шараға Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы м.а. Е.Шәкім қатысып, қазіргі заманғы интернет-қылмыстың түрлері мен алдын алу механизмдерін егжей-тегжейлі баяндады. Ол онлайн шоттарды бұзу, фишингтік шабуылдар, жалған инвестиция платформалары туралы нақты мысалдар келтірді.
Өз кезегінде IT саласының өкілі, “Digital Road” қауымдастығының басшысы С.Кеңесбай қатысушыларға интернетті қауіпсіз пайдаланудың негізгі ережелері мен қаржылық/құқықтық сауаттылық бойынша кеңестер берді.
Ал “Қазақстан Халық банкі” АҚ облыстық филиал директорының орынбасары С.Бекбашов банк карталарын пайдалану кезіндегі алаяқтық схемаларын, әлеуметтік инженерия тәсілдерін, онлайн аударымдардағы басты қауіптерді нақтылап көрсетті.
Іс-шараның ерекше бөлімі – форум барысында көрсетілген бейнероликтер болды. Онда алаяқтардың әрекет ету әдістері мен шынайы оқиғалар негізінде түсірілген сахналар тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырды.Бұл көрнекі материалдар форумның әсерлі өтуіне ықпал етті.
Comments