Әдебиет

ШЫНДЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

Журналист… Өткен ғасыр мен осы ғасырдың алғашқы онжылдығында журналист мамандығы көпшілік арасында қазіргідей емес, өте беделді де құрметке ие еді. Журналисті олар шындықтың шырақшысы ретінде танитын, бағалайтын. Жастайынан қаламына шындықты ту еткен ағаның бірі — кеше 75 жасқа толғанын атап өткен Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қуандық Оразбекұлы.

Иә, журналистиканың жалынан мықтап ұстаған Қуандық аға бар өмірін жазуға арнады. Оның ішінде қажетті жерінде шындықтың шырайын шырайландырып, көпшіліктің көңілінен шыққан сын мақалаларды да, жастардың танымын арттыратын ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын материалдарды да ұсынды. Оның мақалалары мен очерктері тек дерек пен дәйекке ғана емес, азаматтық позицияға, ұлттық мүддеге құрылатын. Оның әр материалы — сол кездегі дәуір шындығы. Білім саласындағы былықтарды да аяусыз сынады. Сол кезеңдерде «Жас Алаш» газетінен Көсемәлі Сәттібайұлының, осы Қуандық ағаның, Қазыбек Құттымұратұлының, өзіміз оқып өскен «Оңтүстік Қазақстан» газетінен Оразхан Жарқынбековтың, Кәрім Үкібаевтың, Слам Нұрмағанбетұлының, Төрегелді Байтасовтың, Әбдіманап Әлшериевтің, Сәділ Кәдеевтің, Ертай Бекқұловтың,  Шойбек Орынбайдың және тағы басқаларының әр өңірден алдаспанды қиып түсер қылыштай материалдары мен жастарға тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық, танымдық материалдары шығып жататын. Міне, осындай журналистердің шындықты қашан да ту еткенінің нәтижесінде бұл мамандық ел арасында аса қадірлі еді.

Кеше зиялы қауым, атап айтқанда, бір кездегі бірге қызмет еткен әріптестері, артынан еріп келе жатқан іні-қарындастары, шәкірттері, туған-туыс бауырлары ағаның мерейтойын атап өтті. Ағаның Құдай қосқан қосағы Анаркүл Қадырқызы сыныптасы екен. Ол да асқаралы 75 жасқа толып отыр. Мерейтойда Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы, Түркістан облысы мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай, қай салаға да еркін қалам сілтейтін белгілі журналист Бақтияр Тайжан және тағы басқалары құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Тойдағы ең бір қуаныштысы, тек журналистикаға ғана емес, әдебиет өлкесіне де өз үлесін қосып жүрген қаламгердің 7 томдық кітаптарының тұсауы да кесілді.

Өз уақытының өзекті мәселелерін көтеріп, оны билікке дер кезінде жеткізе білген ардагер қаламгер жастарға да үлгілі ұстаз. Талай жас журналистерді осы мамандықтың қыр-сырына жетік үйреткен өнегелі жан.

Мерейтойыңыз құтты болсын, Қуандық аға! Қаламыңыз мұқалмай, шығармашылығыңыз шарықтай берсін!

Базаркүл ҚАЛБЫР,

журналист.

ТҮРКІСТАНДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

Алдыңғы

Түркістанда «АЙБЫН-2025» әскери-патриоттық ойындары өтті

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *