Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні»– шын мәнінде жүрегімізге жақын, ерекше күн болды. Бұл – тек киімнің өзін ғана емес, біздің болмысымызды, мәдениетімізді, тарихымызды қайта жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам. Жетісу облысы, Қаратал ауданында өткен бұл шара, әсіресе, жастарымыздың ұлттық мұрамызға деген қызығушылықтары мен құрметінің артуына үлкен ықпал етері сөзсіз.
Ұлттық киім – біздің бай тарихымыздың айнасы. Әр тігісі, әр өрнегі, әр түсі мен формасы халқымыздың рухын, мәдениетін, тіпті қайсарлығын да бейнелегендей. Өзіміздің дәстүрлі киімдерімізді кигенде, біз тек өткенімізді еске алып қоймай, қазіргі уақытта да оның мәні мен маңызын ұғынатын боламыз. Бұл киімдер арқылы біз өзіміздің ұлттық болмысымызды құрметтеп, қадірлейміз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Көкше төрінде Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда айтқанындай, ұлттық киімдеріміз біздің әлем алдындағы басты ерекшелігіміз, ұлттық колоритіміз. Бүгінгі таңда ұлттық киімді дәріптеу – біздің тәуелсіздігіміздің, мәдениетіміздің жарқын көрінісі. Ол біздің тарихымыз бен рухани байлығымызды әлемге паш етудің бірден-бір тәсілі.
Бүгінгі күні «Ұлттық киім күніндегі» шарада Жетісу облысы, Қаратал ауданындағы барлық ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, кешегі ұлы Сақ пен Ғұнның, сондай-ақ қазақтың ұлы хандарының жолын жалғастыратын нағыз Қазақты көрсетті. Бұл – ата-бабамыздың рухына деген құрмет, ұлттық дәстүрімізге деген үлкен жауапкершілік.
Осындай шаралар арқылы біз жастарымызды ұлттық болмысымызбен, мәдениетімізбен таныстырып қана қоймай, оларды елжандылыққа, тарихымызды құрметтеуге тәрбиелейміз. Жастардың ұлттық киімдерге қызығушылығының артуы – ұлт ретінде болашағымыздың жарқын екендігінің белгісі.
Наурыздың осындай маңызды күнінде ұлттық киімдерді кию – бізді біріктіретін, тарихты, мәдениетті жаңғыртатын, жарқын болашаққа деген сенімді арттыратын қадам. Әрқайсымыз осы киімдер арқылы біздің ата-бабаларымыздың ғажап мұраларын ұлықтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге атсалысайық.
Қобланды АБЕНОВ
Comments