Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында танымал жазушы Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толу құрметіне «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» ақпараттық порталының таныстырылымы өтті. Әдеби басқосу халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың шығармашылығын дәріптейтін көрмені тамашалаудан басталды.
Келелі жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, әйгілі ақын Нармахан Бегалыұлы, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қаламгердің асыл жары Қыздаркүл Пернебайқызы, перзенті Ақлима, інісі Нышан Байғұт, сондай-ақ оқырман қауым қатысты.
Басқосуды «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды. Ал журналдың бас редакторы Оралхан Дәуіт журнал мен ақпараттық порталды таныстырды.
Мархабат Байғұттың жанашырлығын көріп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алған шәкірттері, жас қаламгерлер атынан ақындар Мұқағали Кенжетайұлы мен Сезім Мергенбай өлеңдерін оқып, әдемі әсерге бөледі. Классиктің өзі орындаған әні мен сұқбаттарын бейнетаспадан тамашалаған көпшіліктің көңілі толқыды. Жамбыл облысынан келген бір топ қаламгер Мархабат Байғұтпен ерекше байланыста болған Шерхан Мұртазаның көптомдық жинақтарымен бірге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын қоса тапсырды.
«Мархабат» журналы екі мың дана таралыммен шығады. Жазылу индексі – 76104.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments