Түгін тартсаң майы бірге шығатын жер жәннәты Жетісудың құнарлы топырағында әр жыл сайын берекесін тасыта өнетін өнімнің бірі ол майбұршақ (соя). Өзіндік құрамын толық сақтай отыра өсетін майлы дақылға нарықта сұраныс жылдан-жылға артпаса кеміген емес. Өйткені майбұршақ қалдықсыз өнім түрі болып саналады екен.
Бүгін ағымдағы қазан айының 26 күні Жетісу облысы Кәсіпкерлер Палатасының Көксу – Қаратал аудандары филиалдарының директоры Фархат Құсайыновпен бірге бізде жоғарыда тілге тиек болған қалдықсыз өнімді өңдейтін Көксу ауданының Теректі ауылында орналасқан «Уыз Май Industry» ЖШС зауытына арнайы барып басшысы Кожагапанов Саят Қалиқанұлымен зауыттың бүгінгі тыныс–тіршілігі жайлы әңгімелескен едік.
Саят Қалиқанұлының айтуынша:
«Уыз Май Industry» зауыты шаруа қожалықтардан сатып алынған майбұршақтардан 18 пайыз май сығылып алып, қалғанынан ірі қара және ұсақ малдарды, құстарды бордақылауға арналған жемнің түрі майбұршақтың шротын өндіреді екен. Майбұршақ шротының 100 грамында 40 пайыз ақуыз, 15 пайыз майлылық сақталатындықтан, құс фермаларындағы құс азығының 30-35 пайызын майбұршақ шротынан, қалғанын өзге дәнді дақылдардан дайындайтынын және мұндай жем түрімен қоректенген бройлер балапандар 35 күнде жетіліп, пайдалануға дайын болады» деді.
Сонымен қатар зауыт биылдан бастап шаруа қожалықтарынан майлы дақылдың тоннасын 236 мың теңгеден алатынын да айтты.
Comments