Адамзат қоғамы дамыған сайын киім кию стилі уақытқа және қоғамдық жағдайларға сәйкес, сұлулық туралы ұғым мен көзқарастар өзгеріп, үнемі жаңарып отырады. Киімді әркім өз бетінше таңдайды, таңдау барысында адам жеке талғамына сүйенетіні анық. Көпшілігіміз ресми жиындарға, жұмысқа не киерді білмей, тек ақ кеудеше мен қара белдемше, не болмаса шалбар ғана киюге болады деген стериотиптеміз. Әрине, жауапты жиындар мен кездесулерге арнайы дресс кодпен киіну керек болар, дегенмен мата түрімен, үлгі фасонымен ерекшеленіп, сәнді аксессуарлармен киімді толықтырып ерекшеленуге де болады. Жақсы киіне білу де өнер екенін ұмытпаған жөн. Киім таңдаудағы жақсы талғамды білдіретін кең тараған анықтамалардың бірі — әдемілік пен сәнділік. Сән ұғымы ең алдымен киім түсі мен сәніне қарай дұрыс құрай білуге тікелей байланысты, киімге деген талғампаздық — адамның өзіне сын көзбен қарай алатынының белгісі.
Осы аптада екі мың жылдық тарихы бар қасиетті Тараз топырағында 2018 жылдан бастау алған Халықаралық «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығын Тараз қаласы әкімдігі мен «Асыл Дизайн» сән үйі бірлесіп, осымен XII рет ұйымдастырды.
Отандық сән индустриясының жарқын өкілі, «Асыл-дизайн» сән үйінің шеф дизайнері, сән апталықты ұйымдастырушы Айдархан Қалиев ағамыздың айтуынша:
— Біздің мақсатымыз — қазақтың мәдениетін, төл өнерінің нақыштарын ұлттық киімдерімізде көрсетіп, өз брендімізді жарнамалап, шетелдік нарыққа сатылымға шығару. «Aspara fashion week» сән апталығы осында келген барша дизайнерлер үшін таптырмас мүмкіндік деп санаймын” деді.
Айнұр Жамалбекқызы
Comments